Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жиын өткізді.
Оңтүстік Қазақстан Медициа академиясы алаңында өткен шараға қаладағы жоғары мен орта арнаулы оқу орындары басшылары, ғылыми және профессорлық қоғамдастық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасы таныстырылып, білім беру саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы негізгі түйткілді мәселелер талқыланды.
«Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың 88-тармағын іске асыру үшін Агенттік алдағы бес жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын әзірледі.
Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде азаматтық қоғамның пікірі маңызды болғанын ерекше атап өткім келеді.
Сондықтан да жаңа стратегиялық құжаттың оң өзгерістерінің негізгі тапсырыс берушісі ретінде Қазақстан халқын айқындап отырмыз.
Азаматтарымыздың, қоғамдық құрылымдардың, сарапшылардың, бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын жинақтау үшін арнайы сайт құрдық. Және аталған ұсыныстарды тұжырымдаманы әзірлеу кезінде ескердік», — деп атап өтті Талғар Серікбаев.
Сонымен қатар, кеңесте студенттер арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Жиын еркін форматта ұйымдастырылып, қатысушылар білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша пікірлері мен ұсыныстарымен бөлісті.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті