Түркістан облысы Полиция департаментінде өткізілген апталық брифингтің бүгінгі тақырыбы: «Көші-қонды бақылау және азаматтардың еңбек қатынастарындағы құқықтарын қорғау». Ал аталған тақырыпқа спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Әуезбек Мырзабаев қатысып, атқарылған жұмыстарды жеткізді. Полиция подполковнигі Ә.Мырзабаевтың айтуынша: «2021 жылдың 9 айында Түркістан облысы бойынша 27 мыңнан астам шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қабылдаушы тараптардың хабарлары негізінде есепке қойылды. Есепке алынған шетелдіктердің басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан, Ресейден және Тәжікстаннан келді. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жүйелі атқарылған жұмыс нәтижесінде жыл басынан Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған 7000-ға жуық шетелдіктер мен ҚР-ның азаматтары анықталды. Оларға қатысты заң аясында әкімшілік жауапкершілік қарастырылды. Ал көші-қонға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды. 318 тұлғаның ҚР азаматтығына қатыстылығын анықтау өтініштері қанағаттандырылды. Түркістан облысында 160 мыңға жуық азаматқа жеке куәлік және төлқұжат алуға 1-нысанды арыздар ресімдеді. Сондай-ақ 237 шетелдік елден аластатылған»-деп атап өтті. Осылайша ТО ПД-ның баспасөз қызметімен ұйымдастырылған брифинг барысында әрбір тұрғынның құқықтық мәртебесін айқындау бағытында істеліп жатқан тындырымды тірліктер айтылды. Өз кезегінде желі қолданушылары сауалдарын жолдап, көкейтесті сұрақтарына жауап алды.
ТО ПД баспасөз қызметі