Жасыл қаланың тынысы кең

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова «Арысты көгалдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу керек. Өйткені, жасыл желек қаланың тынысын ашып, экологиялық ахуалының жақсаруына айтарлықтай септеседі» деген болатын. Бүгінгі таңда Гүлжан Мамытқызының бастамасымен қаламызда көркейту-көгалдандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.Осы мақсатта биылғы көктемде 7 мың түп қара тал, 4 190 түп үйеңкі, 410 түп қылқанжапырақты ағаштар, барлығы — 11 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.Шаһарымыздың шырайын келтіріп, тазалық тәмсілін берік ұстанған мамандар таңғы сағат сегіз болмай өз жұмыстарына кірісіп, көшеттерге күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуде. Ал жақында, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында қалалық әкімшілік қызметкерлері, қала тұрғындары және қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар Ресурстық орталығы» КММ-нің еріктілері тағы да 3 500 түп көшет отырғызды. Атап айтқанда, «Теміржолшылар саябағы», «Орталық кітапхана», «Арыс-Шымкент» тас жолының бойы мен «Дендросаябаққа» 140 қылқан жапырақты ағаш, 200 түп катальпа, 3 160 түп қарағаш отырғызылды. Нәтижесінде, жыл басынан бері қаламызда отырғызылған ағаштардың саны 15 мыңнан асып отыр. «Қала әкімінің бастамасымен жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстары ең алдымен қоғам денсаулығын қалыптастырудағы игі істердің бірі деп білемін. Жасыл қала атануға бет бұрған елдердің барлығы ең алдымен осы көгалдандыруға көңіл бөледі. Қаланың гүлденуі – арыстықтардың патриотизмі мен белсенділігіне де байланысты. Барша тұрғындарды туған жерге, өз қаламызға жанашырлықпен қарап, отырғызылған көшеттерге ұқыпты қарауға шақырамын», – дейді Жастар Ресурстық орталығының басшысы М.Сарыпбекова. Халық даналығы «адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың бұны айтуға тілі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Қала тұрғындарының таза ауада тыныстап, көркем табиғатта демалуы үшін осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі