Қала әкімі Г.Құрманбекова Қожатоғай ауылдық округінде ашылған «Мубарак Агро» шаруа қожалығының лентасын қиды. Ашылу салтанатына қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, қала әкімінің орынбасары С.Дәрібай, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Биыл ғана жұмысын бастаған серіктестік бүгінгі таңда 400 бас қисары асыл тұқымды қойын өсіріп отыр. Одан бөлек 30 бас жылқы өсірілуде. Атакәсіпті қайта жандандыруды мықтап қолға алған серіктестікке қазірдің өзінде 200 млн теңге инвестиция тартылған. Шаруа қожалықтың төрағасы А.Шүкірбеков алдағы уақытта 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қожалық иесі бұл жерді демалыс орнына айналдыру үшін құс және балық шаруашылығын дамытуды көздеуде. Осы мақсатта ол қожалық аумағынан тауық, қырғауыл, тауыс (павлин), үйрек, қаз сынды 9 түрлі құс түрін өсіріп, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуды қолға алмақ.Кәсіпкер атшаптырым аумақта орналасатын демалыс аумағында 3 заманауи үй, келушілерге арналған киіз үй, заманауи үлгідегі монша, бассейн, футбол және балалар ойын алаңшаларын салуды көздеп отыр. Демалыс аумағын абаттандыру мақсатында биыл аталған қожалық иесі 8 гектар аумаққа бау-бақша өсірмекші. Атап айтқанда, биыл 4000 түп (жиде, терек, тұт, қара ағаш) тал егілсе, келер жылы көктемде 10 000 түп (алма, жүзім, өрік, алмұрт, жаңғақ) егу жоспарда бар.Серіктестіктің ашылу салтанатында сөз сөйлеген шаһар басшысы Г.Құрманбекова өңіріміздің ауыл шаруашылық саласының әлеуеті зор екенін айта келе, шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек тоқтамайтынын айтты.- Біз бүгін Арыс өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан жарқын жобалардың озық үлгісі іске асуының куәсі болып отырмыз. Қожатоғай ауылдық округіндегі «Мубарак Агро» серіктестігінің қолға алып жатқан жұмысы көпке үлгі боларлықтай. Бұл ауыл шаруашылығы бағыты бойынша Арыс өңірінде іске асырылып жатқан жарқын жобалардың бір парасы ғана. Арыс атырабында агроөнеркәсіп кешенін дамытуда алдағы уақытта ауқымды жобалар жүзеге асатын болады – деді қала басшысы. Айта кетейік, құны 1 млрд-тан астам теңгені құрайтын серіктестіктің жалпы жер көлемі 12 гектарды құрайды. Жоба аясында 50-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі