26.12.2021 жылы Сауран АПБ-нің кезекші бөліміне Ескі Иқан ауылына қарасты Шымкент-Самара тас жолының 135-шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алғаны жайлы хабар келіп түсті. Жол апаты орын алған жерге бірден тәртіп сақшылары шықты. Полицейлердің анықтауы бойынша, сағат 22:15 шамасында «Мерседес-бенц» маркалы жүк көлігі, «Daewoo Nexia» автокөлігі, оның соңынан «ВАЗ 2105» ресей автокөлігі, сонымен қатар «Toyota-camry» маркалы көліктері ауа райының қолайсыздығына байланысты бір-біріне соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алған. Материалдық шығын келтірілген. Аталған жайтқа қатысты жол апатын жасаған «Мерседес Бенц» жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-тармағымен «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» бойынша хаттама түзіліп, Түркістан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жинақталған құжаттар жолдануда. Осы ретте Түркістан облысының полицейлері барша көлік жүргізушілеріне ескертеді, әрдайым жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар! Бұл өзіңіздің де өзгенің қауіпсіздігі үшін маңызды! Сондай-ақ құрметті жүргізуші: жолда жүргенде жылдамдықты асырмай, бағдаршамның түсіне баса мән беріп, жол ережесіне мұқият болыңыз! Егер, сіз, жол-көлік оқиғасына қатысушы немесе куәгер болсаңыз, шұғыл 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі