Бұл оқиға көктем мезгілінің соңғы айында болды. Сарыағаш АПБ кезекшілігінің 102 нөміріне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, үйінің ауласындағы дәретханасының ішіне өзінің 3 жасар ұлы мен 10 жасар қызының абайсызда түсіп кеткенін айтып көмек сұраған. Хабарламаны бірінші болып алған Сарыағаш АПБ учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Нұрдаулет Еділовтің жанында оның әріптестері полиция капитаны Асыл Ережепов пен полиция аға лейтенанты Айсұлтан Сапар да болды. Олар 2 минут ішінде тұрғынның үйіне жетіп, екі жасөспірімнің өміріне қауіп төнгенін ескеріп, ештеңеге қарамастан балаларды құтқармаққа асығады. Себебі 5 метрлік әжетхана ішіндегі нәжіс 10 жасар қыздың иығына дейін жеткен. Ал жасөспірім қыз жанындағы 3 жасар бала, яғни інісін нәжіске батып кетпесі үшін көтеріп ұстап тұрады. Полицейлер құтқарудан кешіксе балалар иістен уланып мерт болуы да мүмкін еді, сондықтан олар жедел түрде әрекет етіп, бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құралымен соққылап бұзады. Бір жағынан тәртіп сақшылары әжетхана еденін бұзып жатып, ішіндегі балаларға қауіп төнбесі үшін, әдіспен әрекет етеді. Содан соң полиция майоры Нұрдәулет Еділов 5 метр тереңдіктегі әжетхана ішіне түсіп, балаларды аман есен алып шықты. Оқиғаға куә болған көршілер де учаскелік инспекторларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізді. Сол бір еңбек ҚР ІІМ тарапынан ескеріліп, 3 және 10 жасар жасөспірімдерді нәжістің ортасынан алып шыққан, балалардың анасының риясыз алғысына бөленген сақшы Нұрдаулет Еділов марапатталды. Арнайы Нұр-Сұлтан қаласына шақырылып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен кеудесіне «Ерлігі үшін» медалі тағылды. Бүгінде учаскелік инспектор Нұрдәулет әріптестерімен бірге 21 000 тұрғыны бар Қапланбек ауылдық округінде қызмет етеді. Күнделікті өзіне бекітілген аумақты аралап, қылмысты болдырмау мен алдын алу жұмыстарын атқарып келеді. Тәртіп сақшысының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ауылдық округте тіркелген қылмыс саны да жылдан жылға төмендеуде. Мәселен өткен жылы тіркелген 32 қылмыстың 31-і ашылған. Нұрдәулет Еділовтің айтуынша үнемі қосылып тұрған жеке телефонын тұрғындар жақсы біледі екен. Себебі ол ауыл тұрғындарымен бірге ватсап желісі арқылы топ ашып, сонда қылмыстар, не болмаса құқық бұзушылықтар бола қалса бірден назарға алып, оңтайлы шешілу жолдарын жасайды. Тәртіп сақшысының суреті ауылдағы халық көп жүретін орындар мен коммерциялық нысандарда ілулі тұр. «Президентіміз өзінің жолдауы арқылы учаскелік полиция инспекторларына сенім артып, жағдайымыздың жасалуына ықпал етіп отыр. Бірінші кезекте халыққа қызмет етуді басты орынға қойып, жұртқа жақын полиция қағидатын іске асыруды жүктеді. Сондықтан бүгінде халықпен тығыз байланыстамыз. Азаматтар жеке телефоныма хабарласса, жұмыс орныма келіп жатса уақыт созбай мәселесіне қараймын. Қолайсыз отбасылар, мерзімінен бұрын шыққан азаматтардың үйлеріне барып, жиі хабар аламын.», — дейді Нұрдәулет.
ТО ПД баспасөз қызметі