Қала басшысы Гүлжан Құрманбекованың Талдықұдық тұрғындарымен кездесуінде көтерілген тағы бір мәселенің бірі – балалар ойын алаңшасы болды. Биыл қала әкімінің тапсырмасымен аталған елді мекенде балалар ойын алаңшасы мен футбол алаңшасы салынып, пайдалануға берілген еді. Тұрғындар ендігі жерде көше тренаржерлары мен стирт воркауттар салынса деген тілектерін жеткізді. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешімін табатын болды.Бұдан кейін тұрғындар мектеп салу мәселесін көтерді.- Биыл мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде Онтам елдім мекенінде 150 орындық мектеп құрылысы басталды. Қазіргі таңда Талдықұдық елді мекенінде 1-11 сынып арасында 95 оқушы болса, оның 38-і аталған елді мекенде орналасқан бастауыш мектепке, 37-сі Е.Молдабаев атындағы мектеп жанындағы интернатта оқиды. 20 оқушы қаламыздағы жалпы орта мектептерде оқуда. Ал заңға сәйкес елді мекенде жаңа мектеп құрылысын салу үшін оқушы саны 150-ге жетуі керек. Сондықтан елді мекенде туған әр бүлдіршіннің аман-есен өсуі біз үшін өте маңызды, – деді қала басшысы. Осылай деген Гүлжан Мамытқызының сөзін ұйып тыңдаған ауыл ақсақалдары әкімге алғысын білдірді.Бұдан бөлек тұрғындар тұрмыстық қалдықты шығаратын мекемелермен келісімшартқа отыру жайын қозғады. Шаһар басшысы бұл өте өзекті мәселе екендігін ескертіп, қала тазалығын жіті бақылауда ұстайтынын атап өтті. Осыған орай, тазалықпен айналысатын мекеме өкілдеріне жақын күндері ауыл тұрғындарымен келісімшартқа отыруды тапсырды. Осылайша, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқаны айтылып, кейбір өзекті мәселелер рет-ретімен шешілетін болды. Жиын соңында ауыл ақсақалдары ізгі тілектерін ақ батамен жеткізді.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі