Арыста «King Milk» ЖШС түйе сүтін өңдеп, одан құрғақ сүт өндіретін цех құрылысы аяқталуға жақын.Шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы қаламызда орын тепкен кәсіпорын жұмысымен арнайы ат басын бұрып танысқан болатын. Жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өткен қала әкімі мұндай бастамаға сәттілік тіледі.- Қаламызға инвесторлар тарту жұмыстары жалғасуда. Пайдалануға берілгелі отырған цех жаңа жұмыс орындарының ашылуына, Арыстың дамуына өз үлесін қосады. Арысқа келіп инвестиция салып жатқан азаматтарға біз қолымыздан келгенше қолдау көрсетуге әрқашан да дайынбыз, — деді Гүлжан Мамытқызы.Шара аясында «King Milk» ЖШС-нің директоры Ербол Әнуарбекұлы аймақта алғаш рет қолға алынып отырған жоба жайын таныстырып өтті. Атап айтқанда, жылына 72 тоннадан астам түйе сүтінің құрғақ қоспасын өндіруге қауқарлы цехтың құрылыс жұмыстары биыл ақпан айының соңында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 200 млн теңгені құрайды.Жоба іске қосылғанда 15-20 адам жұмыспен қамтылады. Мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, алыс-жақын шет елдерге экспортталады деп жоспарланған.- Жаңа жұмыс орындарынан бөлек, отандық шипалы өнімді шетелге экспорттауға мүмкіндік туып отыр. Ал құрғақ күйдегі түйе сүтінің өзі көптеген дертке дауа, емге шипа болып табылады, — дейді кәсіпкер.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі