Полицейлер мас халде көлік басқарған 4 жүргізушіні анықтады

Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында, күнделікті рейдтік-профилактикалық жұмыстарды өткізіп келеді. Осындай кезекті жұмыс аптасында полицейлер ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген 4 бірдей жүргізушіні дер кезінде тоқтатып , болуы мүмкін жол апаттарына тосқауыл қойды. Мәселен, Төлеби АПБ ЖПҚ ППТ-ның қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Мадияр Сеңгірбаев аудан көшелерінің бірінде «Лада-210740» маркалы көліктің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай бара жатқанын көріп, тоқтауын сұрайды. Алайда жас жүргізуші полицейдің белгісіне қарамастан, жүйтки жөнеледі. Ал полицей болса соңынан жетіп, құжаттарын тексереді. Осы сәтте жүргізушінің мас болуы мүмкін екенінен күдіктеніп, медициналық куәландырудан өткізеді. Зерттеудің нәтижесінде жас жігіттің «жеңіл дәрежелі» мас халде екендігі анықталады. Осыған орай аталған жайтқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ осы тектес, мас халде темір тұлпар тізгіндеудің үш жайты орын алған. Оның біреуінде «Ваз-2121» автокөлігі, одан бөлек «Daewoo Nexia» маркалы 2 көліктің жүргізушісі де масаң күйде көлік басқарғаны анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Мас халде автокөлік басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.Бүгінде облыс полицейлері тұрғындарға мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары тұрғындарға жолда абай болуға, жол ережесін сақтауға, ең бастысы алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік жүргізбеуге кеңес береді.

ТО ПД баспасөз қызметі