«AMANAT» партиясы облыстық филиалынан партиялық тізіммен ұсынылған кандидаттар тіркелді

2023 жылы 14 ақпан күні Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтіп, облыстағы саяси партиялар филиалдары партиялық тізімдермен ұсынған кандидаттар тіркелді. Комиссия отырысына «Amanat» партиясы, «Ауыл халықтық- демократиялық патриоттық» партиясы, «Қазақстанның Ақ жол» демократиялық партиясы», «Қазақстан Халық» партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, «Respublica» партиясы облыстық филиалдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиында әрбір саяси партиялар филиалдары бойынша тізіммен ұсынылған кандидаттардың сайлау заңы талаптарына сәйкестіктері ескерілді. Сонымен қатар, партия өкілдеріне арнайы есеп шот ашу, сайлау қорын құру, сенімді өкілдер ұсыну және оларды тіркеп куәліктер беру мәселелері айтылып, түсініктемелер берілді.
Комиссия отырысында партия өкілдеріне алдағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын заң талаптары шеңберінде жүргізу және заң бұзушылықтарға жол бермеу керектігі ұсынылды. Саяси партия өкілдері үгіт-насихат жүргізу жұмыстары бойынша қажет болған жағдайда облыстық аумақтық сайлау комиссиясымен байланыста болатындықтарын жеткізді.
Айта кетерлігі, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық мәслихатына 46 кандидат ұсынған. Оның 23-і партиялық тізіммен, қалған 23-і бір мандатты округтен сайлауға қатысады.