EXEED Қазақстандағы гибрид көліктер сегментіне EXLANTIX ET моделін шығарды

Алматы, 2026 жылғы 27 қазан. Orbis Auto автомобиль тобының құрамына кіретін Қазақстандағы EXEED ресми дистрибьюторы отандық нарықта брендтің алғашқы гибридті моделі — EXLANTIX ET сатылымының басталғанын хабарлайды. Премиум класты кроссовер барлық комплектацияда толық жетекпен жабдықталған және бағасы 21 590 000 теңгеден басталады. Автокөлік 100 км/сағ жылдамдыққа 4,8 секундта жетеді, ал WLTP циклі бойынша жалпы жүріс қоры 1180 шақырымды құрайды.
Қазақстанда EXLANTIX ET екі комплектацияда ұсынылған – REEV Comfort және REEV Luxury. Автокөлікке 8 жыл немесе 160 000 км жүріске ресми кепілдік беріледі, бұл кепілдік тартқыш батареяға (12V аккумуляторын қоспағанда), электр қозғалтқыштарына, қуат контроллерлеріне (инверторлар) және электр қозғалтқыштарының контроллерлеріне қолданылады. Автокөліктің қалған барлық бөлшегі мен элементтеріне кепілдік мерзімі, қайсысы бұрын келетініне байланысты, 5 жылды немесе 150 000 км жүрісті құрайды.
«Қазақстанда гибридтерге деген сұраныс артып келеді, ал сатып алушылар тек күштік қондырғыға ғана емес, автокөліктің өзіне де мұқият қарайды: салоны қаншалықты ыңғайлы, қалай жабдықталған, жолда қандай жайлылық ұсынады. EXLANTIX ET арқылы біз гибридке ауысып, премиум деңгейдегі жайлылыққа ие болғысы келетіндер үшін таңдау мүмкіндігін кеңейтеміз. Сонымен қатар, әдетте жоғары комплектациялардан күтілетін көптеген мүмкіндіктер мұнда бастапқы нұсқада-ақ қолжетімді», — деп атап өтті Қазақстандағы EXEED дистрибуциясының директоры Мадина Төкенова.
EXLANTIX ET моделінде REEV жүйелі гибридті жүйесі қолданылады: дөңгелектерді тек электр моторлары ғана қозғалысқа келтіреді, ал бензинді қозғалтқыш электр энергиясын өндіретін генератор ретінде жұмыс істейді. Батареяны сыртқы желіден зарядтауға болады, ал ұзақ сапарларда қуаттау станцияларына міндетті түрде тоқтамай-ақ отынды пайдалануға болады.
Ұзындығы бес метрге жуық, ал дөңгелек базасы 3 000 мм болатын бес орынды кроссовер былғарымен қапталған орындықтары және көп түсті атмосфералық жарықтандыруы бар кең салонды ұсынады. Тіпті құны 21 590 000 теңге тұратын REEV Comfort комплектациясының өзінде жүргізуші орындығы жылыту, желдету және бел аймағының массаж функциясымен, ал екінші қатардағы орындықтар электрлі реттеу, жылыту және желдету жүйелерімен жабдықталған. Екі қатардың да акустикалық әйнектері салонға сырттан шудың кіруін азайтады. Электрлі пердесі бар панорамалық әйнек шатыр, үш аймақты климат-бақылау және алдыңғы орталық шынтақшада салқындату әрі жылыту функциялары бар бокс қарастырылған. Жүк салғыштың көлемі 546 литрді құрайды, ал артқы орындықтардың арқалықтарын бүктеген кезде ол 1835 литрге дейін ұлғаяды.
Стандартты жабдықталуға диагоналі 15,6 дюймдік орталық сенсорлық экран, диагоналі 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және 23 динамигі бар аудиожүйе кіреді. Смартфонды сымсыз зарядтау, сымды және сымсыз қосылатын Apple CarPlay мен Android Auto, сондай-ақ дауыспен басқару жүйелері қарастырылған. Мультимедиа жүйесінің интерфейсі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
Екі нұсқа да CDC басқару жүйесі бар амортизаторлармен жабдықталған. Суық ауа райында пайдалану үшін рөлді, алдыңғы әйнекті толық ауданы бойынша және әйнек жуғыш бүріккіштерді жылыту қарастырылған. Көлемі сегіз литрден асатын жуғыш бачок көлігінде сұйықтық деңгейінің датчигі бар.
EXLANTIX ET шанақ панельдері мырышталған болаттан жасалған. Түп жағы мен бүйірлік панельдеріне қорғаныс қарастырылған. EXLANTIX ET моделінде тартқыш батареяны қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Аккумуляторлық блок қауіпсіздік бойынша 35 сынақтан өтті, оның ішінде су өткізбеушілікке, механикалық әсерлерге төзімділікке және өрттен қорғауға арналған тексерістер бар. Батарея IP68 қорғаныс стандартына сәйкес келеді, ал оның конструкциясы соққылар мен зақымдануларға жоғары төзімділікке есептелген. Кешенді электр қауіпсіздігі жүйесі сондай-ақ автокөліктің сумен жанасуы, зарядтау және түп жағында болуы мүмкін соққылар кезінде де қорғанысты қарастырады.
Comfort комплектациясына адаптивті круиз-бақылау, соқтығысу туралы ескерту және автоматты түрде апаттық тоқтату (тежеу), жолақта ұстау, көрінбейтін аймақтарды бақылау және артындағы көлденең қозғалыс туралы ескерту жүйелері кіреді. Маневр жасау кезінде жүргізушіге 540° жан-жақты шолу жүйесі мен алдыңғы және артқы тұрақ датчиктері көмектеседі.
Бағасы 24 690 000 теңге болатын REEV Luxury нұсқасында аталған жабдықтардан бөлек, жол саңылауын 147-ден 227 мм-ге дейін реттеуге мүмкіндік беретін интеллектуалды пневматикалық аспа, автоматты тұраққа қою жүйесі, проекциялық дисплей, электрлі реттелетін руль бағаны және есіктерді автоматты түрде жабатын механизмдер қарастырылған. Алдыңғы жолаушыға аяқ қоюға арналған жылжымалы тірек – оттоманка және «нөлдік қысым» режимі қолжетімді. Көліктің осы нұсқасының бірінші және екінші қатардағы орындықтары массаж функциясымен жабдықталған. Жүргізуші орындығы бел аймағына арналған массаж функциясымен толықты. Сонымен қатар, көлікте ауаны хош иістендіру және иондау жүйелері бар. Салон интерьерін алькантарамен қапталған төбе толықтырады.
EXLANTIX ET екі электр моторы жиынтық 345 кВт қуат пен 634 Н·м айналу сәтін береді. Сыйымдылығы 40 кВт·сағ батарея CCS2 қосқышы арқылы жылдам зарядтауды қолдайды: зарядты 20%-дан 80%-ға дейін толтыру 17,5 минутты алады. V2L функциясы автокөлікті сыртқы құрылғыларды қосу үшін 220 В электр энергиясының көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді, мысалы, қала сыртында демалу кезінде.
EXLANTIX ET сатылымы Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды және Өскемен қалаларындағы EXEED Kazakhstan дилерлік орталықтарында басталды.