IV тоқсанда оқушылар қалай оқиды?

Ведомствоаралық кеңестің коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шешіміне және Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес IV тоқсанда мектеп оқушыларын оқыту форматы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ деп хабарлайды ҚР Бiлiм және ғылым министрлігі баспасөз орталығы.

Облыс немесе елді-мекен жасыл және сары аймақтарда орналасқан жағдайда, төртінші тоқсанда барлық оқушы аралас оқыту форматына көшеді. Бұл ретте пәндердің бір бөлігі дәстүрлі форматта, қалғаны қашықтан оқытылатын болады. Оқушы саны 300-ге дейінгі мектептер оқуды дәстүрлі форматта жалғастырады.

«Бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша сыныптардағы оқушылардың саны 25 адамнан аспауы тиіс. Сабақтың ұзақтығы 40 минутты құрайды.

Оқушы ауруға шалдықса немесе науқастармен байланыста болған жағдайда ата-анасының өтініші бойынша оған қашықтан оқыту форматында оқуға рұқсат етіледі.

Қызыл аймақта орналасқан өңірлерде 1-5 сыныптар, 9, 11 (12) сыныптар үшін, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сыныптары үшін оқытудың аралас форматы сақталады, ал 6, 7, 8, 10 сыныптар қашықтан оқытылады.