«QazYmCenter» қоғамдық бірлестігі Қазақстан бойынша есту қабілеті бұзылған азаматтарға психологиялық қолдау көрсетуде

Өскемен қаласындағы «QazYmCenter» қоғамдық бірлестігі ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап есту қабілеті бұзылған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, медициналық және психологиялық қолдау көрсетіп келеді. Алғаш рет Қазақстанның әр түкпірінен есту қабілеті бұзылған азаматтар дағдарыс орталығының көмегіне жүгіне алады. Жоба «Шеврон» компаниясы және Орталық Азияның Еуразия қорымен әріптестікте «Qolda 3.0» жедел көмек бағдарламасы аясында гранттық қаржыландыру есебінен іске асырылады.

Орталыққа мынадай санаттағы есту қабілеті бұзылған адамдар көмек алуға жүгінеді: тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған құрбандар; отбасылық қиындықтарды бастан өткерген ерлі-зайыптылар; босанғаннан кейін депрессияға ұшыраған аналар; сондай-ақ психологиялық қолдауды қажет ететін адамдар. Қолдау ымдау тілі мамандары мен психологтың онлайн және офлайн консультациялары түрінде көрсетіледі.

Дағдарыс орталығының психолог-кеңесшісі Анна Калинина әйелдерге анонимді түрде консультация береді. Анна есту қабілеті нашар адамдар үшін дағдарыс орталығының қаншалықты маңызды рөл атқаратынын айтады:

«Мен үшін ең айқын нәрсе – есту қабілеті бұзылған адамдардың көпшілігінде коммуникацияның ақсауы. Бұл қоғаммен әрекеттестікпен шектелмей, тіпті жақын туыстарымен байланыста да байқалады. Осы орталықта бұл адамдарда естілуге мүмкіндік бар. Бұл – гендерлік айырмашылықтардан тыс, жай қиындықтарға ғана емес, қайғылы оқиғаларға тап болған адамдар. Бұл – қолында проблемаларды шешудің негізгі базалық құралдары жоқ адамдар. Біздің дағдарыс орталығымыз олар үшін қажетті ақпарат пен кеңес алуға мүмкіндік береді, өздері таңдаған кез-келген бағытта өздерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Шымкенттік отбасылық жұптың оқиғасымен бөліскім келіп отыр. Кездесудің бастамашысы жұбайы болды. Бірақ отбасылық консультациядан кейін біз олардың әрқайсысымен жеке консультация өткізуге шешім қабылдадық. Жеке консультация барысында әйелінің өз ойын жеткізіп, өзін жақсырақ сезінгенін байқадық. Ол өзінің қалауы, өмірге деген қызығушылығы, жаңа іспен айналысуға деген ұмтылысы бар екенін түсінді. Осыған байланысты есту қабілеті бұзылған адамдарға мұқият тыңдаушының жетіспейтіндігін аңғарамыз. Яғни, жай ғана естілу, жан ауруымен бөлісу мүмкіндігі үлкен рөл атқарады.

Сондай-ақ, өскемендік Махаббат есімді әйелді мысалға келтіруге болады. Отбасылық жанжалдың аясында күйеуі оны итеріп жіберді. Ол бұндай оқиға оның отбасында болмауы керек екенін түсініп, бірақ ол күйеуінің және өзінің мінез-құлқын қалай өзгерту керектігін, басқаша қалай өмір сүру керек екендігін білмеді. Психологиялық консультациядан бөлек, біз оған арт-терапияны ұсындық. Сурет салу оған өзін жақсы сезінуге көмектесті.

Сондай-ақ, есту қабілеті бұзылған адамдарға қолдау көрсету шаралары туралы ақпарат аз екенін байқадым. Оларға әлеуметтік, құқықтық мәселелерді шешу қиынға соғады. Мысалы, Семейден келген Юлияның жағдайы. Тұрмыстық зорлық-зомбылық аясында орталыққа жүгініп, ол өзінің мәселелерін зерттеп қана қоймай, өзін облыс орталығында орналастыру мүмкіндігі туралы да білді. Консультациядан кейін ол қайда бару керектігін және қиын жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсінді.»

Бейне қоңыраулар қабылдайтын оператор Зарина Бурова дағдарыс орталығының алдағы жоспарларымен бөлісті:

«Менің ойымша біздің орталық қазіргі таңда саңырау адамдар үшін жаңа және пойдалы тәжірибе, өйткені көпшілігі туыстарымен сөйлеспейді. Егер проблемалар туындаса, олар қайда бару керектігін және оларға кім көмектесе алатындығын білмейді.

15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің біздң көмекке жүгінетіні мені қатты қуантады. Бұл тек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар ғана емес, сонымен бірге туыстарымен, аналарымен, әжелерімен проблемалары бар адамдар. Олар мәселені анықтап, дұрыс жол тапқысы келеді.

Бұл ай нәтижелі ай болды. Біз шынымен қажет екенімізді және адамдарға көмектесе алатынымызды түсіндік. Клиенттеріміздің прогресін көру – керемет эмоциялар. Алғашқы консультацияда сіз көңіл күйі солғын адаммен сөйлесуіңіз мүмкін, ал келесіде алдыңызда тұрған – өз өмірін басқаша сүруге шешім қабылдаған мүлдем басқа адам. Енді ол алдындағы мақсатын айқын көреді. Қайта туылғандай өмірге құштарлығы арта түседі.

Күн сайын біз 3-4 консултация өткіземіз. Бірте-бірте тілек білдірушілер саны артып келеді. Қазір біздің мақсатымыз – оларға қиын жағдайларды жеңуге және жол табуға көмектесетін құралдарды қолдануды үйрету.»

Біз есту қабілеті бұзылған барлық азаматтарды үнсіз қалмауға және зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырамыз. Сіз 8 777 505 40 28 дағдарыс орталығының нөміріне жазып немесе видеохабарлама жібере аласыз. Өтініштер жасырын болып қалады. Сізге жеке консультация беру уақыты тағайындалады және көмек көрсетіледі. Дағдарыс орталығына жүгіну сотта тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін дәлелдеуге көмектеседі. Қосымша ақпаратты @qazymcenter.women жобасының Instagram аккаунтынан алуға болады.

Жания Хаирова, ОАЕҚ коммуникация бойынша менеджері