SKYALRK – 1LEX ұшқышсыз ұшу жүйелері Қазақстанда жинала бастады

SKYALRK-1LEX ұшқышсыз ұшу жүйелерін құрастыру желісі және ұшу аппараттарына сервистік қызмет көрсету орталығы «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС («ҚАИ» ЖШС) базасында құрылды деп хабарлайды ҚР ИИДМ Баспасөз орталығы.

Кеше, 2021 жылдың 5 мамырында салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа өндірісті іске қосу салтанатты рәсіміне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Қарулы Күштері, Ұлттық қорғаныс университеті, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шараны ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Александр Әшіров ашты. Қызыл жіпті символдық түрде кесіп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында құрылған жаңа өндірістің жұмысын бастап берді.

SKYALRK-1LEX жүйесі туралы

SKYALRK-1LEX жоғары тиімді ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) әскердің маневрлік бөлімшелерін 40 шақырымда тік көру қашықтығы шегінде 3 сағат бойы күндіз және түнде нақты уақыт режимінде жоғары сапалы бейне деректермен қамтамасыз етеді.

ҰҰА әлемнің 25 елінде бар және 100 мыңнан астам сағат ұшып, өз тиімділігін дәлелдеді.

Жүйені Израильдің Elbit Systems Ltd компаниясы әзірлеген және 2014 жылдан бастап Қазақстанның Қарулы Күштері тиімді пайдаланып келеді.