Түркістан облысы – Қазақстандағы тарихи-рухани маңызы ерекше өңірлердің бірі. Бұл аймақ ғасырлар бойы ислам мәдениеті мен өркениетінің орталығы ретінде қалыптасқан. Сондықтан өңірдегі дін саласындағы саясат тек құқықтық реттеумен шектелмей, қоғамның рухани тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жүйе ретінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы өзін зайырлы мемлекет ретінде орнықтырған. Бұл қағида Түркістан облысындағы дін саясатының негізін құрайды. Зайырлылық – мемлекеттің діннен бөлінуі дегенді білдіреді, алайда бұл дінге қарсы көзқарас емес. Керісінше, мемлекет барлық діндерге құрметпен қарап, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етеді. Әрбір азамат өз сенімін еркін таңдап, оны ұстануға немесе ұстанбауға құқылы.
Өңірде дін саласындағы саясатты жүзеге асыратын негізгі құрылымдардың бірі – облыстық дін істері басқармасы. Бұл мекеме діни ахуалды тұрақтандыру, діни бірлестіктермен байланыс орнату және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады. Сонымен қатар, дін мәселелерін зерттеу орталықтары да маңызды рөл атқарады. Олар қоғамдағы діни үрдістерді талдап, түрлі қауіптердің алдын алу бойынша ұсыныстар береді.
Түркістан облысындағы дін саясатының басты бағыттарының бірі – дінаралық келісімді сақтау. Өңірде ислам дінін ұстанушылар басым болғанымен, басқа да конфессия өкілдері өмір сүреді. Осы тұрғыда түрлі діни топтар арасында өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта тұрақты түрде кездесулер, форумдар және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Соңғы жылдары діни экстремизм мен радикализм мәселесі ерекше назарда. Түркістан облысында бұл қауіптің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Теолог мамандар, имамдар және дінтанушылар жастармен кездесіп, дәстүрлі дін құндылықтарын насихаттайды. Бұл жұмыстар жастардың жат ағымдардың ықпалына түспеуіне ықпал етеді.
Түркістанда «Ынтымақ-Түркістан» клубының аясында «Зайырлы қоғамда діннің алатын орны» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға өңірдегі конфессия өкілдері қатысып, өзара пікір алмасты.
Аталған жиынның басты мақсаты – түрлі сенім мен дін өкілдері арасындағы диалогты дамыту, өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту. Сонымен қатар, шара барысында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, толеранттылық құндылықтарын насихаттау және діни қызмет саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Дөңгелек үстелге облыстық дін істері басқармасының басшылығы мен қызметкерлері, конфессия өкілдері, қала және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің мамандары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға дін қатынастарын реттейтін нормалардың енгізілгеніне кеңінен тоқталды. Діни қызметті жүзеге асыру, діни рәсімдерді өткізу кезінде заңнама талаптарын сақтау қажеттігін түсіндірді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Облыстың наиб-имамы Ахметов Сейдулла Сайфуллаұлы мен Түркістан қаласының наиб-имамы имамы Қоңыртай Хамидулла адалдық, парасаттылық, әділдік құндылықтарын дәріптеуге шақырды. Ал «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директорының орынбасары Айбек Тағай қазіргі қоғамдағы діни ахуалға талдау жасап, жастар арасында діни сауаттылықты арттырудың өзектілігін атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар зайырлы қоғам жағдайында діннің орны, діни сенім бостандығы мен мемлекеттік саясаттың үйлесімі, сондай-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау жолдары төңірегінде ашық пікір алмасты.
Жиын қорытындысында мұндай кездесулердің қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде, түрлі конфессия өкілдері арасындағы сенімді нығайтуда маңызы зор екені атап өтілді. Қатысушылар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.
Қорытындылай келе, Түркістан облысындағы дін саласындағы саясат қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет зайырлылық қағидатын ұстана отырып, азаматтардың діни құқықтарын қорғауға және түрлі діни ағымдардың бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасайды. Бұл саясат өңірдің әлеуметтік және рухани дамуына оң әсерін тигізіп келеді.
