Қазіргі таңда медиация мәдениетін қалыптастыру – қоғамдағы өзара құрмет пен жауапкершілікті арттырудың маңызды бағыты. Әсіресе жастар арасында дауды бейбіт жолмен шешу, пікір алуандығын құрметтеу және өзара түсіністік таныту құндылықтарын насихаттау қоғамдық келісімді нығайтуға септігін тигізеді.
Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуда медиацияның маңызы ерекше. Түрлі әлеуметтік немесе тұрмыстық мәселелерге байланысты туындаған келіспеушіліктерді дер кезінде және өркениетті жолмен шешу қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Медиация тараптарды бір-бірін тыңдауға, өзара түсіністік танытуға және мәселені ушықтырмай шешуге шақырады.
5 тамыз – Қазақстан Республикасының Медиация күніне және елімізде медиация институтының құрылғанына 15 жыл толуына орай Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы «Аналар аллеясы» мемориалы маңында «Қазақстанның халықтық Конституциясы және медиация» тақырыбында «Ашық есік күні» іс-шарасы өтті.
Іс-шара Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі, облыстық Медиация кеңесі және «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Кездесуге кәсіби және қоғамдық медиаторлар, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты. Шара аясында азаматтарға медиация тәртібін қолдану мәселелері бойынша жеке құқықтық қабылдау ұйымдастырылып, олардың сұрақтарына жан-жақты түсіндірме берілді.
Жиында облыстық Медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев сөз сөйлеп, қатысушыларды Медиация күнімен құттықтады. Ол халықтық Конституция аясында медиация институтының қоғамдағы маңызына тоқталып, қоғамдық келісімді, өзара түсіністік пен бірлікті нығайтудағы медиацияның рөлін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұрат Ізтілеуов пен оның орынбасары Тайыр Абдувалиев медиацияның дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешудегі тиімділігін айтып, өңірдегі Медиация кеңесі мен «Бітімгер» қоғамдық бірлестігінің атқарып отырған жұмысына жоғары баға берді.
Іс-шара барысында медиация саласының дамуына белсенді үлес қосқан бірқатар азамат Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Алғыс хаттарымен және арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ облыстық «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасының өкілдері мерейтой иелеріне ізгі тілектерін білдіріп, естелік сый табыстады.
Мұндай іс-шаралар қоғамдағы өзара сенім мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосады.
