Түркістан: жауынгерлік жекпе-жек спортшыларына спорттық киім табысталды

Түркістан қаласында Жауынгерлік жекпе-жек өнері спортшыларына 100 дана спорттық киім-кешек табысталды. Алқалы жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен спортшылар қатысты.
«Облысымызда 3 мыңнан астам спортшы жауынгерлік жекпе-жекпен шұғылдануда. Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту бағытында тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру біраздан бері ойда жүрген. Қауымдастықтың құрамына кіретін 10 спорт түрінің спортшылары бренд киімді жарыстарға барғанда мақтанышпен киіп барады деген сенімдемін», — деді Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президенті, ҚР ҰҚК-нің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев.
Бірлестік басшысы Дәурен Тәңірбергеновтің айтуынша, спорттық киім қыстық және жаздық болып 2 түрге бөлінеді. Қосымша спорттық аяқ киім де бар. Спорттық киім-кешекке «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан 16 млн теңге қаражат жұмсалған.
Басқосудың негізгі бөлігінде Әлем біріншіліктерінде топ жарған Түркістан облысының бірнеше спортшылары мен жаттықтырушыларды марапаттау рәсіміне кезек берілді. Болгарияның астанасы София қаласында ММА аралас жекпе-жектен өткен Әлем чемпионатының қола медаль иелгерлері — Аяжан Ергентай мен Аяулым Әбубәкір бастаған ел мерейін асқақтатқан спортшыларға генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев Алғыс хат ұсынып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің баспасөз қызметі