Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде әлемнің жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс орталығында 2025 жылы «Woosong Kazakhstan» университеті ашылды. Ал бүгін Түркістан қаласында осы халықаралық университеттің жаңа оқу корпусының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ардагерлер мен ұстаздар және студенттер қатысты.
Іс-шара барысында жаңа оқу корпусының жобасы таныстырылды. Нысанның құрылысына демеушілік жасап отырған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қолдауы жобаның жүзеге асуына мүмкіндік беріп отыр. Облыс әкімі бұл жобаның маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа технологиялық дәуірге бейімделу, экономиканы цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жөнінде нақты міндеттер қойды. Осыған орай, 2025 жылы өңірімізде «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылып, облыстық бюджеттен 2025-2026 жылғы оқу жылына 100 грант, 2026-2027 жылғы оқу жылына 200 грант бөлінді. Бүгінгі таңда, университетте 342 студент білім алуда. Мақсатымыз – жастарға жай ғана диплом беру емес, еңбек нарығына қажет, халықаралық талаптарға сай, жаңа технологияны еркін меңгеретін бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеу. Іргетасы қаланып отырған жаңа оқу корпусы өңіріміздің білім беру инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Бұл нысанның құрылысына демеушілік жасап жатқан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына шынайы алғысымызды білдіремін. Жаңа ғимаратта жастарымыз сапалы білім алып, халықаралық деңгейдегі білікті, отаншыл маман болып шығатынына кәміл сенемін! – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында «Woosong Kazakhstan» университетінің директоры Джонг Енг Хва сөз сөйлеп, білім мен ғылымға қолдау көрсетіп жатқан облыс әкімдігіне алғысын білдірді. Іс-шара соңында білім саласының ардагері Жарқынбек Құлбайымбетов ақсақал бата берді.
Жобаның сметалық құны 7,5 млрд теңгені құрайды. Ғимараттар 4 қабатты болып, жалпы ауданы 16,5 мың шаршы метрді қамтиды. Кешен құрамында А, Б және В блоктарынан тұратын 3 ғимарат салынады деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы 30 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы жаңа оқу жылында аяқталады деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістанда халықаралық IT университетінің жаңа оқу корпусының құрылысы басталды
