Түркістанда өзгенің мүлкін жалға  алып, бас пайдасы үшін сатып жіберген алаяқ ұсталды

Түркістан қаласының полициясына жергілікті тұрғын әйелдің тарапынан арыз-шағым келіп түсті. Шағымданушы әйелдің айтқанына сүйенетін болсақ, ол өзінің құрылыс жұмыстарына арналған темір қалыпы мен  қазықтарын алыс танысына жалға берген. Құрылыс заттарын жалға алған танысы уәделенген уақытында заттарды қайтармай, уақыт  создырып заттарын бермей жүрген. Содан алаяқтың құрбаны болғанын сезген жәбірленуші тарап,  полиция қызметкерлерінен көмек сұрап хабарласты. Жәбірленушіге келген шығын 1 миллион теңге көлемін құрады.  Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Түркістан Қаласының Полиция Басқармасының полицейлерінен жедел тергеу тобы құрылып, күдіктіні ұстауға барлық күш жұмылдырылды. Тәртіп сақшыларының қырағылығының нәтижесінде, жұмыссыз, жергілікті тұрғын ер адам ұсталды.

Белгілі болғандай, күдікті ер адам «құрылыс жұмыстарын жүргіземін» деп танысының 25 дана темір қалыпы мен 64 дана қазығын жалға алған. Алайда күдікті темірлерді өзінің арам ойын жүзеге асыру мақсатында алып, темір қабылдау орнына өткізіп жібергені белгілі болды. Яғни,  өзгенің мүлкін жалға  алып, бас пайдасы үшін сатып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Одан бөлек, Кентау қаласында құрылысы бітпеген үйге ұрлыққа түскен ер адам анықталды. Яғни Кентау полиция бөліміне  жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша,  оның құрылыс жұмыстары бітпеген үйіне ұры түскен. Үйдің есігін белгісіз біреу бұзып, ішінде тұрған цемент араластыратын (миксер) техникасын жымқырып кеткен. Шығын көлемі 270 000 теңге. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында, тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Нәтижесінде күдікті ер адам тәулік ішінде анықталды. Тексеру кезінде күдікті ұрлап алған құрылғыны 50 мың теңгеге бас пайдасының қажеттілігіне сатып жібергені анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, Тәртіп сақшылары ұрлық қылмысының алдын алу үшін, үйге, сауда орындарына, қоймаларға, ғимараттарға бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, тұрғындарды өз мүлкіктеріне мұқият болуға шақырады. Егерде заңсыз әрекеттердің куәсі болсаңыздар полицияның «102» байланыс телефонына хабарласуларыңызға болады.

Ntime.kz