Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы

Биылғы барыс жылын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаңызға мәлім. Ол өз сөзінде, «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» -, деп атап айтты.
Міне осы міндетті негізге ала отырып, біз, яғни Шымкент қалалық Полиция департаменті ағымдағы жылдың 21-26 ақпан аралығында мегаполисте «Бала және отбасы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткіздік. Ондағы басты мақсатымыз, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздікті болдырмай, әртүрлі қылмыстардың алдын-алу болды. Аталған шара аясында, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған және ересектердің бақылауынсыз көшеде жүрген балаларды анықтап, ата-аналарына тапсыру бойынша түнгі тексеру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 32 жасөспірім, қала аумағында заңды өкілінсіз жүрген 930 бала анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша ата-аналарына әкімшілік жауапкершілік қарастырылды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда мас халде жүрген 7 жасөспірімді анықтап, 13 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, құқық бұзушылыққа бейім 83 жасөспірім мен өз міндеттерін орындамайтын 51 отбасыны есепке алдық.
Айта кетейін, ювеналды полиция инспекторларымен іс-шара жүргізу барысында кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушысынан тапанша тәркіленді. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша, ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сондықтан құрметті ата-аналар балаларыңыздың қауіпсіздігі үшін олардың түнгі уақытта үйден шықпауын қадағалаңыздар. Ұл-қыздарыңыздың тәртібі мен тәрбиесіне көп көңіл бөлгендеріңіз дұрыс. Баланы бұзуға немесе түзеуге себеп болатын бір шарт, ол — жас күнінде көрген өнеге екенін естен шығармаңыздар.

Шымкент қ. ПД бастығы полиция генерал -майоры Қайрат Дәлбеков