Қазақстан халқының бірлігі күні – елімізде жыл сайын 1 мамырда атап өтілетін мемлекеттік мереке. Бұл күн Қазақстан аумағында тұратын барлық этностардың татулығы, достығы және өзара сыйластығын дәріптеуге арналған.
Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Сондықтан бұл мереке ел ішіндегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге бағытталған.
Мереке күні еліміздің барлық өңірлерінде концерттер, мәдени фестивальдер, көрмелер, спорттық және танымдық іс-шаралар өткізіледі. Әр этностың өнері мен салт-дәстүрі таныстырылып, халықтар арасындағы достық насихатталады.
Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен тұрақтылықтың, достық пен ынтымақтың символы. Бұл мереке ел азаматтарын ортақ мақсатқа біріктіріп, Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне үлес қосатын маңызды күн болып табылады.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы №45 Мәдениет жалпы білім беретін мектебінде «Қазақстан – достықтың алтын мекені» атты мерекелік іс-шара өтті.
Аталған шараға Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар және Ақсақалдар кеңестерінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында оқушылар мен ұстаздар бірлік пен татулықтың маңызын дәріптеп, ән мен би арқылы көпұлтты мәдениеттің байлығын паш етті. Әр этностың салт-дәстүрі таныстырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында мектеп ұжымы Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұл мереке – елдегі бейбітшілік пен келісімнің, өзара құрмет пен татулықтың жарқын көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақты ынтымақ пен достыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
