Қоғамдық келісімді нығайтудағы Жаңа Конституцияның рөлі

Жаңа Конституция – еліміздің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімін нығайтудың маңызды құқықтық негізі. Ол адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтауды басты құндылықтардың бірі ретінде айқындайды.

Конституция барлық азаматтардың заң алдында тең екенін бекітіп, олардың ұлтына, тіліне, дініне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуына кепілдік береді. Бұл қоғамдағы өзара сенім мен сыйластықты арттырып, азаматтардың бірлігі мен ынтымағын нығайтады.

Сонымен қатар Конституция азаматтардың мемлекет ісіне қатысуына, өз пікірін еркін білдіруіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына құқықтық негіз қалайды. Мұндай мүмкіндіктер қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді күшейтіп, түрлі көзқарастардың заң аясында ашық талқылануына жағдай жасайды.

Жаңа Конституция заң үстемдігін нығайту арқылы әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтырады. Заңның бәріне бірдей қолданылуы қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына ықпал етеді.

Түркістанда  облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Заңға құрмет – ел болашағына жауапкершілік» тақырыбында кездесу өтті.

Жиында Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының негізгі қағидаттары, оның қоғамдық келісім мен заң үстемдігін нығайтудағы маңызы кеңінен түсіндірілді.

Кездесуде Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова Конституцияның ел бірлігі мен тұрақты дамуының берік негізі екенін атап өтті. Ал «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жаңа құқықтық кеңістікте әрбір азаматтың жауапкершілігі арта түсетінін айтып, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен Конституция құндылықтарын кеңінен насихаттаудың маңызын атап өтті.

Жаңа Конституция қоғамдық келісімнің, ұлттық бірліктің және тұрақты дамудың берік негізі болып табылады. Оның қағидаттарын құрметтеу мен сақтау – бейбіт, әділетті және құқықтық қоғам құрудың маңызды шарты.