2023 жылғы 28 желтоқсанда елордадағы дәріханалардың бірінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаевтың қатысуымен дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің көрсетілімі өтті. Кездесу барысында дәрілік заттарды өндірушіден дәріханаға дейін қадағалап отырудың бизнес-процестері көрсетілді, дәрілік заттардың айналымына қатысушылардың әрқайсысы қадағалану құжаттарын жасап, сатылым түбіртегі арқылы дәріні тауар айналымынан сәтті шығарды.
Экспериментке дәрі импорттаушы «Swixx Biopharma» ЖШС, дистрибьютор «СТОФАРМ» ЖШС, «Частная аптека 99» ЖШС және «Webkassa Development» ЖШС өкілдері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, контрафактілік өнімдердің, қауіпті фейктердің көлемін азайту және дәрі-дәрмектің заңсыз сатылуын жою мақсатында барлық дәрілік заттарды цифрлық таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған болатын. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап 100% дәрілік заттарға таңбалауды енгізу жоспарлануда.
Дәрі-дәрмектің қадағаланатын жүйесі бірнеше мәселені бірден шешеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және жалған есептен шығару мүмкіндігін жою, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасын, қалдықтарын және жарамдылық мерзімін қадағалау. Толық басқару үшін әрқайсысына екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады. Соның нәтижесінде дәрі-дәрмектің өндірілген сәттен бастап, соңғы тұтынушыға дейін бүкіл ел бойынша толық айналымын онлайн бақылауға болады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Республикалық электронды денсаулық орталығы Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі Бірыңғай оператормен бірлесіп, есепке алу жүйелерін Бірыңғай оператордың ақпараттық жүйесімен біріктіру жұмыстарын жүргізуде.