Алтын құрсақты аналар ардақталды

Бүгін аудан әкімі Нариман Мақұлбеков көпбалалы аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.Киелі Шиелі жерінде тұрып жатқан 40 ана осы марапатқа ие болды. Оның тоғызы — алтын алқа, отыз бірі — күміс. Осылайша көп балалы аналарды салтанатты түрде құттықтаған аудан басшысы аналарға ізгі ілтипатын білдіріп, ақжарма тілектерін арнады.Жиын барысында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет жылы лебізін білдірсе, аудандық мәслихат депутаты Ербол Жеңсікбаев еліміздегі ана мен бала жағдайын одан әрі жақсарту және демографиялық ахуалды көтеру жайлы сөз қозғады.Өз кезегінде алтын құрсақты аналар да сөз алып, мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына зор алғыстарын білдіріп, жергілікті басшылықтың жұмыстарына сәттілік тіледі.Айта кетейік, Шиелі ауданы бойынша, 2448 батыр ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері – 950 болса, «Күміс алқа» таққандардың саны – 1498.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі