Алтын ұрлаған әйел ұсталды

Полицейлер алтын жүзіктерді жымқырған әйелді ізін суытпай анықтап, ұстады, деп хабарлайды ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына базарда алтын сатумен айналысатын жергілікті тұрғынның тарапынан арызданып, хабарласқан. Оның мәліметінше, әйелдің екі дана алтын жүзігін белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 120 000 теңгеден асады.

Аталған жайтты полицейлер бірден Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, ұрыны іздестіруге кірісіп кетті.

Бөтеннің мүлкін жымқырып, заңсыз әрекет жасаған адамды ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілді. Куәлардан сұрастырылып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Полиция қызметкерлерінің жедел түрде әрекет етуінің нәтижесінде түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Сол күні күдікті әйел анықталып, ұсталды. Ол облыс орталығының тұрғыны болып шықты.

Ол сауда орнына алтын алушы ретінде келіп, сатушының байқамай тұрғанын пайдаланған. Осы ретте алтын бұйымдарды жымқырып кеткен. Күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұрланған жүзіктер табылып, заңды иесіне қайтарылды. 

Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға өзгенің затын заңсыз иеленбеуді, ұрлық тәуекелдеріне бармауды,  сондай-ақ, ұрлықтың артында қатаң қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді. Сонымен қатар, тұрғындарды өз затына жауапкершілікпен қарап, абай болуға шақырады.

Айта кетейік, егерде осындай жағдайлар мен заңсыздықтар орын алғанына куә болсаңыздар полицияның «102» байланыс нөміріне хабарласыңыздар. Тұрғындар тыныштығы мен қауіпсіздігі заң қызметкерлері үшін басты орында.