Ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция күшейтілген тәртіппен қызмет етуде

Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, таулы аумақтарында ақ түтек боран болуда. Соның салдарынан 30-нан 31 қаңтарға қараған түннен бастап, облыс полициясы жолдарды патрульдеп, күшейтілген тәртіппен қызметтерін жалғастыруда. Жол апаттарын болдырмау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақыттан бастап полиция республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырылды.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков: «Түннен бері облыстың басым аумақтарында қар жауып, соңы қатты желге ұласты. Қар қалың түсті. Бірқатар жол жабылды. Атап айтсақ, Қызылорда облысы бағытындағы «Самара-Шымкент» м-32 республикалық маңызы бар 2055-1802 шақырымындағы учаскесінде қозғалыс шектелді. Яғни Қызылорда облысы – Түркістан облысы Шорнақ ауылының аумағы автокөліктің барлық түрлері үшін шектеу қойылды. Ал түнгі уақыттан бастап сол жолда 22 техника жұмыс істеп, қардан тазартылып, қазіргі таңда қайта ашылды.

Полицейлер көліктерге түсіндіру жұмыстарын жасап, жолдан өткізуде. Қазіргі уақытта Түлкібас ауданы Шақпақ баба мен Жамбыл облысының шекарасындағы республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез халықаралық автожолы жабық. Осыған байланысты облыс тұрғындарын аса қажет болмаса жолға шықпауларын сұранамыз! Ұзақ жолға шығу аса қажет болып жатса көлікті дайындап, көп мөлшерде жанар-жағармаймен қамдап, қосымша сыртқы жылы киімдер мен азық-түлік алуды ұсынамыз. Сондай-ақ міндетті түрде жол қозғалысы ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмауға шақырамыз»-деп атап өтті.