Ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау артады

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» мектебінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Ауылдық жерлердегі Үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолдау көрсету және оларды идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне тарту мақсатында дөңгелек үстел өтті.

Шара Түркістан облысы Азаматтық Альянсы бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық және қалалық ішкі саясат бөлімдері мен Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Жиында «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Инара Намазбаева, «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Шәріпбек Жамалбек, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының Мемлекеттік идеология және Рухани жаңғыру бөлімінің бас маманы Жеңіс Дәулетұлы, Түркістан облыстық «Береке» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Гүлсім Аңдабаева, Ордабасы ауданы әйелдер кеңесінің төрайымы Гулия Тайталиева және «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының төрағасы Еркінбай Шалтан сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының өкілі Жеңіс Опышев үкіметтік емес ұйымдарға жыл сайын мемлекеттік қолдаудың артып келе жатқанын жеткізді.

— Азаматтық қоғам институттары – билік пен бұқараның арасындағы көпір іспетті. Конституцияның кіріспесінде ел мақсатының азаматтық қоғам құру екендігі айқын көрсетілген. Ал азаматтық қоғамға барар негізгі жол — қоғамдық институттарды дамыту арқылы жүзеге асады. Қазіргі кезде облысымызда түрлі бағыттағы 611 қоғамдық бірлестік тіркелген. Бұл үкіметтік емес ұйымдар — адам құқығын қорғау, азаматтық қоғамды дамыту, мүгедектерді және аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту, экология және табиғат, ұлтаралық келісім, білім және ғылым, денсаулық, гендерлік саясат, әйелдердің құқығын қорғау бағыттарында жұмыстар атқаруда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың шеңберінде өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша облыстық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі жылдан жылға артып келеді. Жалпы, 2023 жылы осы бағытта облыста 111 жоба бойынша 926 млн. теңгеге жұмыстар атқарылуда, — деді Жеңіс Дәулетұлы

Басқосуда ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мен олардың идеяларын жүзеге асыруға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, шағын грант иегерінің жұмыстары көпшілікке таныстырылды.