Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылдық есеп берді

Ағымдағы жылдың 2 маусым күні «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігіне қарасты Сабыр Рахимов атындағы жалпы орта мектебінде бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Тажимурод Саидовтың жылдық есеп беру жиналысы болып өтті.

Бүгінде бастауыш кәсіподақ ұйымы білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында облыстық ұйымның жарғысына, ережелерге және жұмыс жоспарына сәйкес қызмет етіп келеді. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында келіссөздер жүргізу, еңбек даулары туындаған жағдайда оларды дер кезінде шешуге жәрдемдесу мақсатында облыстық ұйымға қарасты барлық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарында ұжымдық шарттар жасалып, жұмыс барысы жүйеленген.

Жиында сөз алған кәсіподақ төрағасы өзінің баяндамасында 2022-2023 оқу жылғы статистикалық есебі бойынша мектептегі жұмысшылар саны 114 және олдардың барлығы 100 % кәсіподақ мүшелері екендігін атап өтті. Сондай-ақ Тажимурод Миразизұлы есеп беру кезінде кәсіподақ тарапынан атқарылған жұмыстар жөнінде, атап айтқанда қызметкерлермен ұжымдық келісім шарт жасасу, қызметкерлерді сауықтыру шипажайларына жіберу, марапаттау және мәдени іс шараларды ұйымдастыру мәселелеріне жан жақты тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Бұдан бөлек, бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы айтылып, оларға заң аясында нақты түсініктер берілді.

Сонымен қатар, жиын барысында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты өзара пікір алмасып, өздерінің сауалдарына тұшымды жауаптарын алды.

Жиналыс соңында бірқатар кәсіподақ мүшелері сөз сөйлеп, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Тажимурод Саидовтың атқарған жұмыстарына және есебіне алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта кәсіподақ жұмысын жандандырып, одан әрі күшейтуге ықпал ететініне сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.