Мемлекеттік бағдарлама мақсатты орындалуда

бағдарлама

Халықты жұмыспен қамтуда бірнеше бағытта жұмыс орындары субсидияланады.«Алғашқы жұмыс орны» жобасына оқу орнын жаңадан бітірген, жасы 35-тен аспаған, жұмыс өтілі жоқ азаматтар қатысады.
«Ұрпақтар келісім шарты» жобасы –зейнеткерлік жасқа жеткен маманның орнын ауыстыру үшін маман қабылдау. Мұнда да талап солай, оқу орнын бітіргеннен кейін үш жыл ішінде осы жоба арқылы жұмысқа орналасуға болады.
«Күміс жас» жобасына жасы 50-ден асқан жұмыссыз азаматтар қатысады.
«Қоғамдық жұмыс» жобасы жұмыскердің алдын-ала кәсіптік даярлығын талап етпейді. Бұл жобаға 16 жастан бастап, оқудан бос уақытта студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары, өндірістің тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар қатыса алады. Жалақысы – 28 айлық есептік көрсеткіш.
Биыл «Жастар практикасымен» жұмыспен қамтуға 3554 орын бөлініп, оның 521-і жұмысқа жолданды. «Қоғамдық жұмысқа» 1910 орын бөлінген, 1924 азамат жұмысқа орналасты.«Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 1031 адамды жұмыспен қамту көзделіп, 812 жолдама берілді. «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 20 жолдама бөлінсе, қазірге дейін 3 азамат жұмысты болды. «Күміс жас» жобасымен 768 адамды жұмыспен қамту көзделіп, 652 адам жұмысқа жолданды.
Қайтарымсыз грант қаржысын мақсатсыз жұмсау, субсидияланатын жұмыс орнына жалған құжаттар тапсырып, ақша алу секілді жағдайлармен жұмыс істейтін арнайы мониторингтік топ бар. Олар зерделеу жұмыстарын жүргізеді, егер қаражаттың мақсатсыз жұмсағаны анықталса, ақшаны мемлекетке қайтаруға тура келеді. Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы әртүрлі 1704 мекемеге (7315 адам) зерделеу жұмыстары жүргізіліп, субсидияланатын жұмыс орындарын қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуы бойынша 2147 кемшілік анықталды. Тексеру комиссиясының шешімімен 835 адам жұмыстан (бағдарламадан) шығарылды. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар бойынша дер кезінде зерделеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Мониторинг жүргізіліп, зерделеу нәтижесінде кемшіліктер анықталған жағдайда құқықтық қамтамасыз ету бөлімі соттың шешімі негізінде 2021 жылы 22 адамнан 5 043 431 теңге, 2022 жылы 28 адамнан 13 411 625 теңге, 2023 жылы 2 адамнан 2 760 000 теңге бюджетке кері қайтарылған. Жоқ кәсіпті бар етіп көрсету, жалған құжат дайындалса, түбінде бәрібір анықталады. Сондықтан, мемлекеттік грант тек лайықтыларға беріледі.