Билер кеңесі: Ынтымақ пен тұтастықтың тұтқасы

Кезінде Күлтегіннің басында күнде жиын өтіп, нәтижесінде үш жүздің биі  ортақ ымыраға келіп,  елдің, елдің емес-ау, ұлттың болашағы сонла шешілгені бар.  Оны кәрі тарих тарамысша тартып, оның бір ұшын: «Елдігіңді ынтымақ пен бірлікпен сақта!» — дегендей, ұрпақтар сабақтастығы арқылы бізге аманаттап кеткені тағы бар.

 Десекте, зар заманның запыранын жұтып, тоталитарлық жүйеге еріксіз «жүгенделген» еліміз ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен жөн-жоралғыларынан, оның ішінде, негізгі құндылықтар-билер кеңесі мен ақсақалдар алқасы деген басты бағыттарынан  біржола ажырағандай да еді.

Ал, жоғарыда айтылған қос әрі егіз ұғымның өкілдерінің, яғни билермен ақсақалдардың – тек қараша ауылдың тентегін  тезге салып, берекесі жоқ әулеттің аспандаған азғынын аяғына қоятын от басы, ошақ қасындағы дау-дамайды шешу ғана емес, сонымен қатар, ең бастысы біріге отырып, белгілі бір аймақтың қала берді, тұтас елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін  қауқары hәм көршілес елдер алдында зор беделі болған. Міне өз алдына дербестігін алған еліміз экономикалық жағдайын жақсартып, руханият әлеміне бет түзей келе, ұлттық кодымызды түгендеудің бір тармағы-елді бір мақсатқа біріктірудің арқасында тұтастығымызды сақтап қалуға ұйытқы болған «Тура биде туған жоқ, тусыз биде иман жоқ»,  қағидатының еш ескірмей, ол қәзіргі кезеңдегі елдік саясаттың өзегі екеніне басымдық жасады.

Билер кеңесінің қайта жаңғыртудың жолына түсті. Тап осы институттарды жандандыру мақсатындағы Елбасы Н.Назарбаев пен ел Президенті Қ.Тоқаевтың да өзіндік тұжырымдары бұл істің алға жылжуына ұйытқы болғаны рас.

 Осы ретте, 2018 жылдың 22-қарашасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан  құрамы 7 адамнан тұратын Билер кеңесі құрылған болатын.   Ал, 2019 жылдың басынан бері облыстағы 10 аудан мен Тараз қаласында құрамы 5 адамнан, 156 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері құрылып, осы бағыттағы жұмыстар басталыпта кеткен. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 566-ға жетіп отыр. Олардың құрамы негізінен ел ішінде беделі бар, абырой, ақыл мен парасаты жетерлік, сонымен қатар, өмірлік тәжірибелері зор тұлғалардан жасақталған.

 Сонымен, өткен сәрсенбінің сәтті күні аудандық орталық кітапхананың «Білім орталығында» Жамбыл облыстық Билер кеңесінің семинар-кеңесі болып өтті.

 Семинар-кеңеске аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын  Есіркепов, ардагерлердің «Ғұмыр Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, «Қарахан» журналының бас редакторы, облыстық Билер кеңесінің мүшесі, Тараз қаласы Билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков, облыстық Билер кеңесінің мүшесі Талғат Жұмабек, Меркі аудандық сотының төрағасы Серік Махамбетов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, сонымен қатар әр ауылдық округтен шақырылған билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері және т.б. қатысты.

Алдымен сөз алған Б.Бегалиев ауданымыздың әлеуметтік- экономикалық дамуына тоқталды.  Одан кейін кезінде ата-бабаларымыз ұстанып, соттардың тікелей ықпал етуімен осы үрдістің тетігін толық іске қосу керектігін алдымызға қойып отыр. Облысымызда Билер кеңесі құрылған күннен бастап, Жамбыл облыстық сотымен бірлесе отырып, «Билер кеңестері жайлы ереженің» жобасы жасалды. Ол «Қарахан» журналында жарияланған. Аталған ереже 2019 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында өткен ардагерлер ұйымдарының республикалық жиынында талқыланып, мақұлданды.   Айтып кететін жайт, аталмыш ереже өз жұмыстарында басшылыққа алынуы үшін басқа облыстарға таратылды.

Жамбыл облыстық сотының ұйымдастыруымен, облыстық билер кеңесі мүшелері мен аудандық билер кеңестерінің төрағаларна арналған семинар өткізіліп, ҚР «Медиация  туралы»заңын басшылыққа ала отырып, 65 азаматқа «Кәсіби емес медиатор» сертификаттары табыс етілді. Мұндай арнайы  оқулар аудан орталықтарында да арнайы өткізілді. Тағы бір атап өтетін мәселе, билер кеңесінің тиімділігіне көз жеткізген сайын оған жұртшылықтың сенімі де артып келеді. Мысалы, Меркі ауданында билер кеңестерінің жұмысы жақсы жолға қойылғанын мойындауымыз керек. Осындағы 14 ауылдық округте құрамында 42 мүшесі бар билер кеңестері құрылған. Мүшелері медиация курстарында оқып, арнайы сертификаттар алған. Олардың жұмысы 7 адамнан тұратын, Қамбарбек Иманалиев басқаратын аудандық билер кеңесі үйлестіріп  отыр.  Олар 2019 жылы 43 тұрмыстық және азаматтық дау-дамайды оң шешсе, 2020 жылы ол 45-ке жеткен. Ал, ағымдағы жылдың 9 айында 21 іс бітімгершілікпен аяқталды. Осы орайда, Жаңатоған ауылдық округінде билер кеңесінің мүшесі Қайнаркүл Таттығұлова, Ақермен ауылдық округінің билер кеңесінің төрағасы Серікбай Жетпісбаев, Меркі ауылдық округінің  билер кеңесінің төрағасы Амангелді Әметқұловтар билер дәстүрін жаңғырту, дау-дамайды ешкімге бұра тартпай әділ шешу жолынан көрініп жүрген азаматтар,-деді.

 Семинар-кеңестің бағдарламасына сай сөз кезегін алған Қ.Иманалиев «Бітімгершілік-береке-бірлікке бастайды», С.Махамбетов «Татуластыру рәсімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы», Ж.Миллионов «Шешендік өнер-асыл қазына», С.Досымбеков «Билер институты-ұлттық тәжірибе негізі», С.Жетпісбаев «Билер кеңесінің жұмыс тәжірибесі туралы», Т.Жұмабек « Игі істердің басында билер кеңесі» тақырыбында баяндама жасаса, Қ.Таттығұлова «Татуласу-дауды шешудің ең тиімді әдісі» бойынша дәріс оқыды.  Басталған жұмысты одан әрі дамыту, осы тұрғыда өзара тәжірибе алмасуды басты мақсат еткен семинар-кеңестің соңында О.Есіркепов еңбектерімен танылған бір топ азаматқа арнайы марапаттар ұсынды.

 Олардың қатарында Амангелді Әметқұлов пен Серікбай Жетпісбаев «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының Құрмет грамотасына ие болса, Қамбарбек Иманалиев Қ.Мәмбетовтың «Адал би-Әділ би» атты тәлім-танымдық кітабымен марапатталды.

Меркі ауданы әкімдігі