Биыл 39 аулаға спорт алаңшасын орнату жоспарланған

Бұқаралық спорт — ұлт денсаулығының кепілі деп жиі айтылады. Ол да бекер емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Мемлекет басшысы  бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгіледі. Ол бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды. Осы  тапсырмаға сәйкес кешенді жоспарлар құрылып өңірлерде жұмыстар жүріп жатыр.

Шымкент қаласыда  Әл-Фараби ауданы аумағындағы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және балалардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай қарастырылған. Қаланың орталығында орналасқан ауданда 235 мыңға жуық халық тұрады. Аудан аумағында 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген, 16 633 жеке үй бар. Аудан әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, ауданда халық 105 ашық спорт алаңшасының игілігін көріп отыр. Соның 41-і соңғы 3 жылда салынған.

Биыл  Әл-Фараби ауданы аумағындағы 39 аулаға балалар ойын  алаңшасын және ашық спорт алаңшасын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта жыл басынан бері 24 балалар ойын алаңшасының жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беруге дайын.

Аудандағы кезекті бір біткен Володарский көшесі №2А тұрғын үйінің ауласындағы ойын алаңшасына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барып, тұрғындармен кездесті. Су жаңа спорт алаңшасы салынғалы тұрғындардың да көңіл-күйлері көтеріңкі. Мегаполис басшысы жергілікті халықпен жүздесіп, қаланы көркейту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру туралы пікірлесті. Сонымен беріліп отырған жаңа спорт алаңшаларын күтіп ұстауға кеңес беріп, бұл нысан елдің ортақ игілігі үшін жасалғанын айтты.

Спорт алаңшалары сапаға сәйкес заманауи үлгіде, балалардың шаттана ойын ойнауына қолайлы етіп жасалған.