Бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайға туған жері құрмет көрсетті

Қазақ боксы тарихындағы ең жас чемпион туған жерге ат басын бұрды. Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент төрінде бокстан өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақта атой салып, чемпион атанған Санжар Тәшкенбайды бүгін Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қабылдады.

Санжар Тәшкенбай 2003 жылы Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округі Ғ.Мұратбаев елдімекенінде дүниеге келген. Осында 2 сыныпқа дейін білім алған. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Ол бокспен 14 жасынан бері айналысады.

Аудан әкімі төрткүл әлем көз тіккен дүбірлі додада көк туымызды биікте желбіретіп, ел мерейін үстем еткен спортшыға ыстық ықыласын жеткізді. Сондай-ақ чемпионның алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап, олимп шыңын бағындыратынына сенім білдірді. Кездесу барысында аудан әкімі әлем чемпионына 1 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйақы тарту етті.

— Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында ел қоржынына алғаш болып алтын салған Санжар Тәшкенбайдың жеңісі күллі қазақ жұртын қуантты. Дүйім елдің қатарында келестіктер де боксшыларымызды қолдап, оларға барынша демеу бола білді. Жерлесімізге еліміздің абыройын асқақтатқаны үшін барша келестіктер атынан алғысымды білдіремін, — деді Жәнібек Есенұлы.

Шаршы алаңда шаршауды білмейтін ол әлем чемпионатының финалына дейін Өзбекстан, Жапония, Ресейдің және финалда Грузия мемлекетінің былғары қолғап шеберімен жекпе-жекке шықты. Оларды айқын басымдықпен жеңіп, жеңіл салмақта әлем чемпионы атанды.

Кездесу соңында Санжар Тәшкенбай ел ағаларының көрсеткен құрметі мен ізгі ниетіне алғысын білдірді. «Бізді қолдайтын ел болса, қашан да ел мерейін үстем етіп, Әнұранымызды әлемдік ареналарда шырқатуға барымды саламын» деді әлем чемпионы.