Болмысы – бөлек, тумысы – ерек, сөз сардары – Сұлтанәлі

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың 75 жас мерейтойына арналған «Болмысы – бөлек, тумысы – ерек, сөз сардары – Сұлтанәлі» атты шығармашылық кездесу кеші өтті.Салтанатты кешке, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Қаршыға Есімсейітова, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.Салтанатты кеш барысында, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа жылы лебіз тілегін жеткізіп, мерейлі мерейтойымен құттықтап, дәстүрге сай сый-сыяпат көрсетті.Сұлутөбе топырағында дүниеге келіп, таным-таразысын туған топырақтан парасат тұғырына көтерген, дәуір дүниенің даңғайыр жазушысы Сұлтанәлі Балғабаевтың есімі қазақ драматургиясында, театр өнерінде келешектің кемелінде, мәңгіліктің мәуелі мәнерінде десек, перзентімен мақтанған Сыр елінің тек тірегінің қуанышы тарқамақ емес.Қазақ халқы әрқашанда өзінің біртуар перзенттерін, дара тұлғаларын дәріптеген, оларды ұлықтаған халық. Асыл азаматтарымызды кейінгі ұрпаққа танытып, өзіміздің тірлігіміз бен бірлігімізді көрсету біздің ортақ парызымыз. Сонымен қатар, осы аптада 41 Еңбек Ерінің отаны Шиеліде дүниеге келіп, әлем тарихында өзінің есімін алтын әріппен қалдырған дала академигі, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы облыстық, аудандық деңгейде аталып өтті. Міне бүгін осындай киелі жерде туып-өскен, өзінің қарым-қабілеті, еңбектері арқылы ел мерейіне бөленген тұлға жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ауданымыздың Құрметті азаматы, жерлесіміз Балғабаев Сұлтанәлі Базарбайұлының құрметіне орай шара өткізілуде. Сұлтанәлі ағамыз театр мен драматургия жөнінде айтып, жазып жүрген мәселелерінің біразы жүзеге асты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен репертуарлық саясат жөніндегі арнайы басқарманың құрылуы, театрлардағы директор мен бас режиссердің міндетті түрде екі басқа адам болуы, жыл сайын драмалық шығармаларға арналған «Тәуелсіздік толғауы» атты республикалық конкурстардың өтіп тұруы сияқты жақсы жаңалықтар осының айқын дәлелі, – деді аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов.Мерейлі кеш соңында, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты пьесасы қойылды.

Шиелі ауданы әкімдігі