Біздің полиция — Нұржан Омаров

Шымкент қаласы Полиция департаменті «Біздің полиция» жобасын қолға алды деп хабарлайды Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.

Жаңа бастама арқылы енді қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлес қосқан тәртіп сақшылары туралы арнайы жазып, ұсынатын боламыз.Бүгінгі кейіпкеріміз — Нұржан Омаров. Ол — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы, ІІ-дәрежелі «Айбын» ордерімен марапатталған.Еске салсақ, Нұржан Омаровтың көзсіз батырлық оқиғасы 2018 жылдың 17- қазанында тапа-тал түсте қала орталығындағы автотұрақта орын алған болатын. Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен кетіп бара жатқан қос полицей автокөліктерді тіміскілеп жүрген екеуді байқап қалады. Тәртіп сақшылары күдіктілерге жақындап, құжат сұрағанда әлгі екеудің тарапынан қарсылыққа тап болады. Жас екі күдікті тәртіп сақшылары құжаттарын көрсеткенін де көзге ілмеген. Өздерін таныстырудан бас тартып, көлікке жүр дегенде екеуі екі жаққа қаша жөнелген. Екінші күдіктіні қуып кеткен Нұржан Омаровтың әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қашып бара жатқан жігітті қуып жеткенімен қоймай, бірнеше жерінен пышақ сұғып жатса да қашқынды тырп еткізбей ұстаған полицейді батырға балауға болады. Осыдан кейін көп қан жоғалтып, бір жарым сағат отадан өткен тәртіп сақшысы есін жияды. Дәл осы ерлік еңбегі үшін учаскелік полиция инспекторына ІІ-дәрежелі «Айбын» ордені табысталған болатын.Қазіргі таңда Нұржан Тленбаевич Омаров Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны болып қызмет атқарады. Тәулікте 24 сағат болса, таңның атысынан күннің батысына дейін антына аса жауапкершілікпен қарайтын тәртіп сақшысы қаланың қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, жергілікті тұрғындардың тек алғысын арқалап келеді. Сондай-ақ, асыл жары Аширбекова Гүлжан екеуі, төрт перзент тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.