Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – қоғам дамуының маңызды шарты

Дін саласындағы тұрақтылықты

Қазіргі таңда дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғам алдындағы өзекті міндеттердің бірі. Әсіресе жаһандану үдерісі күшейген заманда түрлі діни ағымдар мен көзқарастардың ықпалы артып, рухани қауіпсіздік мәселесі алдыңғы қатарға шығуда. Осы тұрғыда қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізу аса маңызды.

Түркістан секілді тарихи-рухани орталықтарда бұл бағыттағы шаралар айрықша мәнге ие. Өйткені мұндай өңірлерде ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дін сабақтастығы сақталып, халықтың рухани бірлігі нығая түседі. Діни тұрақтылық – тек белгілі бір конфессияның мәселесі емес, ол жалпы қоғамның қауіпсіздігі мен тұтастығына тікелей әсер ететін фактор.

Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты тетіктерінің бірі – діни сауаттылықты арттыру. Азаматтардың дін туралы дұрыс, ғылыми негізделген ақпарат алуы түрлі радикалды көзқарастардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта білім беру мекемелері, ақпарат құралдары және теолог мамандар маңызды рөл атқарады.

Осы тұста дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара ауданы әкімдігінің Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қамқорлық отбасын қолдау орталығы КММ-нің қызметкерлерімен «Діни экстремизм терроризмнің алдын алу», — тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы М.Салиходжаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Е.Сариев, Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қамқорлық отбасын қолдау орталығы КММ-нің директоры И.Әділхан қатысты.

Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы М.Салиходжаев: Деструктивті діни ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның (лидердің) немесе адамдар тобының (басқарушы топ) басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Жастардың діни көзқарасына олардың ата — анасы әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Көп жағдайда солай болады. Ата — ана бір көзқараста, бала басқа көзқараста болу — өте сирек кездесетін жағдай. Сондықтан жат діни ағымдар өкілдерінің санының артуының бір себебін осыдан көруге болатынын айтып өтті.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров: Жастардың діни сауаттылығы — қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Олардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі — білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады деп сөзін қорытындылады.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Е.Сариев: Жастарымыздың адасуына себеп болып отырған ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына әкеліп отырғанын тілге тиек етті.

Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – көпқырлы және үздіксіз жүргізілетін процесс. Ол тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігін талап етеді. Тұрақтылық пен келісім үстемдік құрған ортада ғана елдің болашағы берік әрі жарқын болмақ.