Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай семинар-кеңес өтті

Түркістанда  28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.

Семинар-кеңеске Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақаттарды бақылау бөлімінің басшысы Асқар Сейтқазин, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев, Түркістан өңірінің кәсіпорын басшылары, еңбек қауіпсіздігі бойынша техникалық инспекторлар және еңбек инспекциясының ардагерлері қатысты.

Жиынды модератор ретінде облыстық бақылау жөніндегі басқармасының еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақаттарды бақылау бөлімінің басшысы Асқар Сейтқазин ашып, жүргізіп отырды.

Семинар барысында Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы Рауан Дүрменов өңіріміздегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, орын алған жазатайым оқиғалар бойынша статистикалық мәліметтер беріп өтті.

Бұдан бөлек, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев өз кезегінде сөз алып, «Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы орайда әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау басым орында болуы тиіс. Әлеуметке бағдарланған кез-келген кәсіпорын бәрінен бұрын апаттың, жарақаттанушылықтың және кәсіби аурулар деңгейін төмендетуге мүдделі» — деп, Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, Кәсіподақтар федерациясы тарапынан лайықты еңбек жағдайларын жасау, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.

Сонымен қатар, қатысушылармен бірге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.

Жиын соңында 2022 жылдың қорытындысымен облысымызда жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауда нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар кәсіпорындар «Үздік қауіпсіз кәсіпорын» дипломдарымен марапатталды.