Еңбегімен ел құрметіне бөленген

Бүгінгі қоғамда учаскелік полиция инспекторларының арқарып жатқан жұмыстары ерен. Қоқыс пен темекі тұқылын кез келген жерге тастап кететін көршілердің айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүретін оларды – «әмбебап мамандар» деп атауға лайық. Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген сондай жанның бірі Шардаралық Мұхтар Байбосынов. Тәртіп сақшысы Бәйдібек ауданының тумасы. Бала кезінде отбасылық жағдаймен Шардараға қоныс аударған. Сонда білім алып, мектеп бітірді. Кейіннен Қостанайда, Алматыда «заңгер» мамандығын меңгеріп, біліктілігін арттырды. Ал еңбек жолын Маңғыстау облысында бастады. Жаңаөзен қаласында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, учаскелік полиция инспекторы және қылмыстық тергеу, іздеу бөлімдерінде абыроймен қызмет етті. Ал 2003 жылы өскен жері, қарашаңырақ мекені Шардараға қоныс аударды. Алғашқыда кезекші бөлімде еңбек етсе, кейіннен учаскелік полиция инспекторы лауазымына бекітілді.- Полиция – мәртебелі мамандық. Сондықтан болар, бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Форма киіп, шен таққан азаматтарға қызығып өстім. «Өскенде тәртіп сақшысы болып, халыққа қызмет етемін» деген алдыма мақсат қойдым. Бала күнгі арманым орындалды. Қазір менде қоғамдық тәртіпті қадағалап келемін – дейді ол.Полиция майорының тәжірибесі тың. Қызметі тәулік талғамайтын ол күні-түні халықтың тыныштығын күзетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап келеді. Қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізеді.- Күнделікті жұмысымды өзіме бекітіліп берілген аумақтағы жағдаймен танысудан бастаймын. Көшелерді аралап, қариялармен сөйлесемін. Маған бекітілген аумақта 3500-ден астам халық бар. Негізінен коммерциялық нысандар көп. Карантин кезінде кафелердегі жиындарды тоқтаттық. Тойханаларда тойлардың өтпеуін қадағаладық. Карантин талаптарын қатаң сақтауды, бетперде кию қажеттігін айтып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл бағытта әлі де жұмыс жасап жатырмыз – дейді ол. Мұхтар Пернебайұлын жергілікті тұрғындар да жақсы таниды. Байланыс телефон нөмірі жазылған суреті халық көп жүретін қоғамдық орындарда ілулі тұр. Одан бөлек, тұрғындар тарапынан ашылған ватсап желісіне тіркелген. Өзі де аумақтағы жағдайды үнемі бақылап, саралап отырады. Сондықтан аумақта тіркелген қылмыс саны жылдан жылға азайып келеді.- Профилактикалық жұмыс жүргізіп, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда, құқық қорғау органдарының қоғамдағы ұстанымын нығайтуда еңбек етудеміз. Халыққа әрдайым жақынбыз. Аумақтағы тұрғындардың басым бөлігі телефон нөмірімізді біледі. Өзімізді де жақсы таниды. Үнемі профилактикалық жұмыстарды жүргізіп отырамыз – деді ол. Қазір өңірде «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Басты мақсат – әкімшілік аймақта қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін көтеру, халық арасындағы сенімін арттыру, тығыз қарым-қатынасты орнату, заңсыз қаруларды анықтау және көші-қон заңдылыққа бақылау жасау мақсатында әрбір пәтер мен жеке үйлерді аралап, тұрғындар жайлы ақпарат жинақтау. Бұл бағытта Мұхтар Байбосыновта күнделікті жұмыс атқаруда. Өзіне бекітілген әкімшілік аумақ көлеміндегі пәтерлер мен үйлерді тексеріп, тұрғындар туралы ақпарат алу мақсатында рейдік шаралар ұйымдастыруда. — Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар оң нәтижесін береді – дейді тәртіп сақшысы.Мұхтар Пернебайұлы еңбек жолында көптеген қылмыстардың ашылуына ұйытқы болған. Жаңаөзен қаласында қызметте жүргенде ұрланған бағалы заттардың табылуына ұйытқы болып, өз үлесін қосқан.Бүгіде Мұхтардың інісі Серікте ішкі істер саласында еңбек етуде. Бір үйден шыққан қос бауыр қоғамдық тыныштық күзетін абыроймен атқарып келеді. Яғни, тұрғындар тарапынан алғысқа бөленсе, басшылық тарапынан арнайы марапаттарға ие болған.

ТО ПД баспасөз қызметі