Сардоба апатынан зардап шеккен Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылының тұрғындары бүкіл Қазақстан халқына алғыс айту мақсатында арнайы ас берді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында былтыр Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас ауылының тұрғындары бүкіл қазақстандықтарға алғыс айту мақсатында арнайы ас беріп, ел Тәуелсіздігінің мәңгілік болуы үшін құран бағыштады.Бүгінде 200-ден астам үй қайта бой көтеріп, әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымы толықтай жаңарған ауыл ешбір қаладан кем түспейді. Атап айтқанда, жаңадан мектеп, балабақшалар, медициналық және полиция пункттері бой көтеріп, ауыз су және электр жүйелері жаңарып, көшелерінің барлығы асфальттенген. Ең бастысы, үкімет тарапынан әрбір үйге берілген 17 миллион теңге өтемақыға зәулім-сарай үйлер салынып, тұрғындардың көңілдері жайланып, бүйірлері майланған. «2020 жылы ауданымызға, оның ішінде мен өмір бойы туып-өскен Өргебас ауылына аяқ-асты топан су келіп, бір мезетте елді әбігерге салды. Қайғыны бөліссең — азаяды дегендей, дархан көңілді, кең пейілді дана халқымыз, ауызбіршілік танытып, бүткіл ел азаматтары «Мақтааралмен біргеміз!» деп қасымыздан табылды. Бірінші күннен бастап, елдің басшысы ретінде Президентіміз халықпен бірге екенін, барлық жағдай жасалатынын айтып, біздерге үлкен сенім, рух берді. Одан кейін облыс әкімінің, аудан әкімінің тікелей бастамаларымен мемлекеттен барлық жәрдемдерді алдық. Ауылымызды су алғанда барар жеріміз, басар тауымыз қалмаған еді. Бізді эвакуациялық пункттерге жайғастырып, ыстық тамақ, киім-кешек, жанымызға не керек — соның барлығын осы ел тізгінін ұстаған азаматтар мен дархан пейіл қазақ халқымыз берді. Оның ішінде мына бетонканың бойында босып кеткен малымызға қарасып, мал бағып жүрген балаларымызға үш мезгіл тамақ берген көрші ауылдардағы ағайы-туысқанға, барша отандастарымызға бас иіп алғыс айтамыз» — деді жиын барысында сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Базарбек Қыдырбеков.Қиын шақта қол ұшын созған отандастарына өргебастықтардың алғысы шексіз. Өткен жылы еліміздің барлық облысы мен өңірлерінен келген толассыз көмектің арқасында басқа түскен нәубеттен жеңіл құтылып, керісінше Үкіметтің және халықтың қамқорлығының арқасында ауыл бұрынғыдан әлдеқайда көрікті бола түскенін тұрғындар үлкен қуанышпен жеткізуде. Ауылдың асына алыс-жақын аудандар мен ауылдардан қиын сәтте көмегімен көзге түсіп, елдің жанынан табылған барша азаматтар шақырылып, әрбіріне жеке дара алғыс айтылды. Алыс өңірлердегі отандастарымызға видео сәлемдеме жолданып, ешбірі назардан тыс қалмайтынын тұрғындар атап өтті. Айта кетейік, 2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында болған апаттың салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 5 ауылды су шайып кеткен болатын.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі