Еңбек қауіпсіздігі — басты назарда

Жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен дүние жүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында 28 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді. Кәсіподақтар Федерациясы Стратегиясының басты мақсаттарының бірі — лайықты еңбек жағдайларын жасау. Сондықтан тұрақты назарда тұратын мәселе — бұл еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақат. 2023 жыл Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен «Қауіпсіз еңбек жылы» ұранымен өтуде.

Осы орайда «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев еңбекті қорғау саласындағы мәселелер мен еңбек қызметіне байланысты жарақаттардың, аурулар мен жазатайым жағдайлардың алдын алу мен ақпараттық-түсіндіру жүргізу мақсатында «Nomad City Company» ЖШС ұжымымен кездесті.

Кездесуде бірлестіктің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев сөз алып, «Биыл Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы орайда әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау бірінші кезекте болуы тиіс. Әлеуметке бағдарланған кез-келген кәсіпорын бәрінен бұрын апаттың, жарақаттанушылықтың және кәсіби аурулар деңгейін төмендетуге мүдделі болуы тиіс»-деді.

Сондай-ақ, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, еңбек қатынастарын реттеу және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктерін түсіндіріп, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру мақсатында, қатысушыларға кәсіподақ мүшелігіне өтуге шақырды.

Жиын соңы сұрақ-жауаппен аяқталды.