«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 білім ғимаратының құрылысы басталды

Шымкент қаласында білім беру саласына басым бағыт берілген. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков баяндады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 12 мектептің құрылысы басталды. Білім беру саласы – басым бағыттарымыздың бірі. Соңғы 4 жылда 66 мың орындық 101 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен салынды, – деді қала басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, қалада үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді. Үшінші мегаполистегі 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қалада 39 колледж бар. Еңбек нарығына талдау жүргізіліп, қажетті маман дайындау үшін колледждерге жаңа 11 250 грант бөлінген.

Айта кетейік, биыл мегаполисте 500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Тұран шағын ауданында 500 орындық Оқушылар сарайы салынып жатыр.