Жамбылдық полицейлер ішінде тапшаны бар автокөлікті тоқтатты

Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері  «Абайлаңыз, балалар!»  жедел-профилактикалық іс-шарасын  өткізу кезінде «Газель» маркалы автокөлікті тоқтатты.

Тексеру кезінде ерекше дерек  анықталды, автокөліктің салоны отыратын тапшанға айналған. Сондай-ақ, салон ішінде 12 жолаушы, оның 5-еуі бала болды.

Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы  5-бөлігі  және 590-бабы 7-бөлігі  (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, азаматтың Қазақстан Республикасында төленбеген бірнеше айыппұлы бар болып шықты және автокөлікті айдауға сотпен тыйым салынған (арест).

— Жүргізуші мен жолаушылар көрші мемлекеттің азаматтары екендігі және Ресейге табыс табу үшін бара жатқаны анықталды. Олардың заңсыз қайта жабдықталған көлікпен осындай алыс алыс жолға шыққанда не ойлағаны белгісіз. Ең бастысы, біз, дер кезінде тоқтатып, жауапсыз әрекеттің теріс нәтижесінің алдын алдық. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Қызмет барысында біз күн сайын әртүрлі жағдайларға тап боламыз. Қайталаудан шаршамаймыз:  құрметті жол қозғалысына қатысушылар, жол ережелерін қатаң сақтаңыздар! Бұл жолы барлығы сәтті болады немесе қорқынышты ештеңе болмайды деп ойламаңыздар. Ешкім ешнәрседен сақтандырылмаған, кез-келген уақытта кез-келген  жағдай болуы мүмкін! Жолдардағы қауіпсіздік үшін әрқайсыңыз жауапты екеніңізді түсініңіздер! — деді Жамбыл облысы ПД ППБ командирінің міндетін атқарушы полиция подполковнигі Дәулетбек Жанғабылов.