Жамбыл облысында жол ережесін бұзуды тіркейтін жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер таныстырылды

Бұл құрылғылардың мүмкіндіктері жоғары: үш қатар жолаққа  бақылау жасап, автокөліктерді 150 метр қашықтыққа дейін тіркей алады. Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов өзінің фейсбуктегі парақшасында xабарлады.

«Жол апаттарының орын алуының ең көп таралған себебі – жылдамдықты арттыру. Сондықтан, жүргізушілердің жауапкершілік деңгейлерін жоғарылату үшін техникалық бақылау құралдары қолданылады.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 3 «Интегра» аппараттық-бақылау кешені, 4 «Red speed», 38 «Автоураган» АБК, сондай-ақ «Hyundai» маркалы автокөліктер базасында 4 мобильдік «Автоураган» және «JAC» маркалы автомобильдер базасында 10 «Арқан» жүйесі жұмыс істейді.

Қазір Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «KAZ-STS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын тіркеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешендерінің мүмкіндіктерін зерделеуде. Компания өкілдері жол қозғалысы ережелерін бұзуды және іздеуде жүрген көлік құралдарын анықтай алатын «Кибер-Шериф» аппараттық-бағдарламалық кешенін таныстырды.

«Кибер-Шериф» жүйесі осыған ұқсас жүйелерге қарағанда өте тиімді. Мәселен, «Арқан» жүйесі бұзушылықты бір орында тұрып тіркейтін болса, «Кибер-Шериф» автокөлікті қозғалыс кезінде тіркей алады, сонымен қатар, панорамалық түсірілім жасау мүмкіндігіне ие. 

Одан бөлек, «Оракул» жылжымалы кешені таныстырылды. Ол кез-келген көлік құралын 150 метрге дейінгі қашықтықта тіркейді, жолдың бір бағытында және қарсы бағытта үш жолаққа дейін бақылау жасайды, қозғалыс жылдамдығын 350 км/сағатқа дейін өлшейді.

Мұндай инновациялық технологияларды енгізу облыс жолдарындағы жағдайға талдау жасауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте, біздің мақсатымыз – құқық бұзушыларды жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының санын азайту екенін айтқым келеді», — деп жазды полиция генерал-майоры.