Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу

Құқық бұзушылықтың алдын алу — мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық меншік нысанындағы ұйымдар және Қазақстан Республикасының азаматтары жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтауға және күшейтуге бағытталған құқықтық, әлеуметтік, экономикалық ұйымдастырушылық іс-шаралар болып табылады.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Жастарға құқықтық тәрбие беру – тәрбиенің маңызды бір саласы.

Шымкентік полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы жалпы орта мектептерінде «Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында оқушылармен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында Абай АПБ ЖПҚБ ЮПБ КТІЖ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Хамидулла Турсиметов №61 жалпы орта мектептің оқушыларына кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі 23.00-ден кейін көшеде ата-анасының немесе заңды өкілінің еруінсіз жүруге тыйым салынғанын айтып, жалпы түсінік беріп өтті.

Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді және қылмыс істегені үшін жауапкершіліктердің түрлері түсіндірілді. Мамандар қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Кездесуге қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.

Ntime.kz