Жас ақындар айтысының қалалық іріктеу кезеңі өтті

«Төрт тоқсан — төрт өнер» ұлттық мәдени ағартушылық жобасы аясында және Республика күніне орай Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Қосымша білім беру оқу салалық орталығы және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында жас ақындар айтысының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Өскелең ұрпақты мәдени-рухани құндылықтармен тәрбиелеу және жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында қолға алынған додаға қатысушы өнерпаздар да аз емес. Алғаш болып Қосымша білім беру оқу салалық орталығының басшысы Гүлнар Сатыбалдықызы сөз алып, жас ақындарға сәттілік тіледі. «Сен тұр, мен атайын» деген жас өрендер айтыс барысында түрлі тақырыптарды қозғап, суырып салма өнердің заманауи үлгісін көрсете білді. Сайысқа ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Карима Оралова, республикалық айтыстардың жеңімпазы Нұрлан Есенқұлов, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы, айтыскер ақын Қажымұқан Абзалов, кеше ғана өткен «Күміс домбыра — 2023» республикалық жас ақындар айтысының иегері Аян Ниязбек қазылық етсе, дәстүрлі өнер мектебіміздің басшысы Біржан Ғаниұлы қазылар алқасының төрағасы ретінде жас ақындарға әділ бағасын берді.

Айтыстың қорытындысы бойынша:

БАС ЖҮЛДЕ — Біржанұлы Исламали (N°137 мектеп)

І ОРЫН — Сабитхан Нұрислам (N°3 ЖОББМ, Оқушылар сарайы)

ІІ ОРЫН — Рэт Мәди (N°27 мектеп)

ІІ ОРЫН — Аятулла Мажит (Қаратау дәстүрлі өнер мектебі)

ІІІ ОРЫН — Хамидова Арайлым (N°9 лицей)

ІІІ ОРЫН — Аширметова Рано (N°37 мектеп)

ІІІ ОРЫН — Парынбек Ади (N°9 лицей)

Ұлттық өнерді насихаттап жүрген от ауызды, орақ тілді жас ақындарымыздың барлығы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда барлық оқушыларға ұлттық аспабымыз домбыра сыйға тартылса, жүлделі өнерпаздарымызға смартфондар табысталды. Дәстүрлі түрде жылсайын өтетін оқушылар арасындағы айтысымыз өткен жылға қарағанда жақсы нәтиже көрсетіп тұр. Жас ақындар саны да сапасы да баршылық.

Төл өнерді төрге шығаруға ат салысқан әрі қолдау білдірген Шымкент қалалық Білім басқармасына және Қосымша білім беру оқу салалық орталығына ерекше алғыс білдіреміз!

Сөз құдіретін сезініп, ақындық өнерге енді ғана қадам басқан жастарға сәттілік тілейміз!