Жергілікті ауыл билерімен кездесу өтті

Біздің заманымыздың  дамыған тұсында  қоғамда түрлі жайттар орын алып жатады. Осындай кезде қоғамда тәртіпті сақтап, қылмыстардың алдын алу өте өзекті. Осы ретте билік өкілдері халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың басты мәселелеріне назар аудару  керек. Шымкенттік тәртіп сақшыларының қызмет атқару барысындағы ұстанатын басты қағидаларының бірі – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтарға мейлінше жақын болып, олардың мәселелерінің заң аясында жедел әрі сапалы шешімін табу.

Нақ осы мақсатта Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Данияр Жорабайұлы Плалов Қаратау ауданының әкімшілік аумағына кіретін «Сайрам» елдімекеніне арнайы барып, жергілікті ауыл билерімен кездесті.

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын алғы бастамаға қойып ұйымдастырылған іс-шарада Данияр Жорабайұлы аумақ тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер бойынша сауалдарға жауап берді.

Атап өтсек, жергілікті халық ұрлық жайттарын болдырмау және бұл қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту туралы өтініштерін білдірді.

Өз кезегінде, полиция подполковнигі азаматтардың тарапынан қойылған барлық сындарлы ұсыныс-тілектер дереу әрі тиімді қарастырылып, оларды іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.

«Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жеке құрамға бірқатар тапсырмалар берілді. Учаскелік полиция инспекторлары да тиісті талапқа сай әрі заң аясында шұғыл жұмысқа жұмылды. Қойылған тапсырмалардың орындалу барысы өзімнің жеке бақылауымда болады», — деп атап өтті Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы.

Айта кетейік, аталған бағыттағы халықпен кездесулер алдағы уақытта да жалғасатын болады.