Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу

Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері «Қауіпсіз түнгі қала» іс шарасын жүргізу барысында кешкі уақытта жүрісі күдік тудырған «Ваз-21099» маркалы автокөліктің жүргізушісін тоқтатты. Көлік жүргізушісімен тілдесу кезінде сақшылар оның мас болуы мүмкін екеніне күмәнданып, сараптамадан өткізді. Сараптама қорытындысы жүргізуші ер азаматтың алкогольді масаң күйде екендігін анықтады.

Сақшылар одан әрі қарай анықтау кезінде ер азаматтың бұған дейін соттың үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын білді. Яғни жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара мақсаты ‒ жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жол қозғалысы ережелерінің апаттылық деңгейіне тікелей әсер ететін заңбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету. Көлік құралын алкогольді немесе есірткілік масаң күйде басқару заңға қайшы, қоғамға қауіп төңдіретін әрекет. Мас жүргізуші тек қана өзінің өмірін ғана емес сонымен қатар айналадағы адамдар үшін де төтенше жағдайдың көзі. Мас азаматтардың көлік жүргізу проблемасы тек біздің елімізде ғана емес, сонымен бірге әлемнің басқа елдерінде де жол қозғалысы қауіпсіздігінің ең өткір проблемаларының бірі болып табылады. Өйткені, мас жүргізушілердің қатысуымен болған ЖКО, өкінішке орай, адамдардың жарақаттануы мен өліміне әкеп соқтырады. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін, соның ішінде мас күйінде көлік құралын басқару фактілерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізеді.