Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы жаңа колледж ашылды

Жүсіпбек Аймауытұлы

Шымкентте тағы бір жаңа оқу орны жастарға есігін айқара  ашты. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы жаңа колледж ашылды. Колледждің ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Жүсіпбек Аймауытұлының атын беру униерситет жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде кеңінен талқыланды. Шешім қолдау тауып, арнайы орта білім беретін оқу орны қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист есімімен аталды. Кәсіптік білім беру мекемесінің салтанатты жиынын университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөзбен ашты.

Шараға сондай-ақ, Шымкент қаласы білім беру басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысып, Жүсіпбек Аймауытұлына арнап орнатылған бюстке құрмет гүлі қойылды. Салтанатты шарада университеттің «Өнер және білім» факультетінің өнерпаздары Жүсіпбек Аймауытұлының «Алаш ұраны», «Алаш маршы» әндерін музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындап, қайта жаңғыртты.  

Қонақтар бұдан кейін колледж ғимаратымен танысып, оқу-өндірістік шеберхана мен спорт алаңын аралап көрді. Оқу орны заманауи үлгіде бой көтерген. Заман талабына сай барлық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Айта кету керек, 87 жыл тарихы бар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ жыл сайын мыңдаған педагогтарды еңбек нарығына даярлап, түлетіп отыр. Оқу орын қабырғасын тәмамдаған түлектер бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие мамандар. Оқу орын әкімшілігі түлектерін жүз пайыз жұмыспен қамтуды қолға алғаан. Жаңа колледжді ашу мақсаты кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Бастапқыда педагогиканың үш бағыты бойынша, яғни, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім беру», «Көркем еңбек» мамандықтары бойынша білім беру бағыты жүзеге асырылмақ. Ақпарат үшін айта кету керек, әзірге аталған колледжде 3 мамандықты оқытуға лицензия берілген, олар 01140100 — Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі, 01140200 — Музыкалық білім беру, 01140300 — Көркем еңбек. Мұнда 58 оқытушы жастарға білім береді. Оның 1-уі ғылым докторы, 17-сі ғылым кандидаты, 3-уі PhD, 29-ы магистр, 3 –уі аға оқытушы. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жасақталған ғимаратта 175 кабинет, 13 зертхана, 2 шеберхана жұмыс істейді.