Заң бұзушылықтар бақылауда

2022 жылғы 28-қараша мен 4-желтоқсан аралығында Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының «102» арнасына 7861 әр түрлі сипаттағы қоңыраулар шалынған. Оның 3492 тіркеуге алынып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Бір апта ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен 8 қылмыс ашылған. Оның ішінде: ұрлық — 5, қарақшылық – 1, бұзақылық – 1, басқа да — 1.

Бейнебақылаулар заңбұзушылықтың алдын алуға, қылмыстың ізін суытпай ашылуына үлкен көмегін тигізіп келеді. Сондай-ақ, нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 1289 жайт анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде: нөлдік төзімділік бойынша – 331, жол ережесін бұзған – 634, одан басқа да 324 жайт анықталды.

Сонымен қатар Шымкентте жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында 5-11-желтоқсан аралығында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы басталды.

Шымкенттік тәртіп сақшылар Көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімшелерімен, көліктік прокуратура және қоғамдық бақылау өкілдерімен бірлесіп, желіге шықпас бұрын қалалық автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының болуын тексереді.

Сондай-ақ, автобустарды нормативтер мен стандарттардың талаптарын бұзып басқару және пайдалану фактілерін, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауды анықтау, жүргізушілер мен автобустарды жолға шықпай тұрып медициналық және техникалық тексеру шараларын, жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтауын тексеру бойынша шаралар өткізеді.

Сонымен қатар, жолаушылар көлігі жүргізушілерінің тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдау жоспарланған.