Шымкентте тозығы жеткен үйлер қайта жаңғыртылуда

Шымкент қаласында биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 25 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Нәтижесінде ескірген үйлердің шатыры мен инжернерлік коммуникация жүйелері жаңартылып, жертөлелері күрделі жөндеуден өтуде.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков кешқұрым күрделі жөндеуден өтіп жатқан үйлерді аралап,тұрғындарымен кездесті. Қала әкімінің орынбасары ең алдымен Жангелдин көшесі бойындағы №12 А үйдің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ширақ ғасырдан астам уақыт жөндеу жұмыстары жүргізілмеген 30 пәтерлі тұрғын үй толығымен қайта жаңғыртылып отыр. Ерғали Дәулетбекұлы аралау барысында жауапты сала жетекшілері мен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме қызметкерлеріне бірқатар тапсырма берді.

  • Ең бастысы халықтың жайлылығы үшін күрделі жөндеу жұмыстарының барлық талапқа сай сапалы да қауіпсіз болуы міндетті. Халық зардап шекпеуі керек. Әр істі өз үйлеріңізге жасағандай орындаңыздар. Біз үшін тұрғындардың келісімі мен ризашылығынан маңызды ештеңе жоқ,- деді қала басшысының орынбасары.

Ерғали Білісбеков мұнан соң Қарасу шағын ауданындағы нөмірі 82 үйдің жұмыс сапасын бақылады. Үй тұрғындарымен жүздесіп, күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты өтініш-тілектерін тыңдады. Осында 35 жыл тұрып келе жатқан үй төрайымы Валентина Бондаренко тұрғын үйдің қайта жаңғыртылып, әбден тозығы жеткен жерлерінің жаңартылғанына қуанышын жеткізді. Ол көп жағдайда ортаңғы қабатта тұратын азаматтар жертөле немесе шатырдың жөндеу жұмыстарына қатысқылары келмейтіндігін, коммуналдық жүйе істен шығып, шатырдан су өтсе жөндеу жұмыстары бүкіл үй тұрғындарына ортақ шаруа екенін түсінгісі келмейтіндер де бар екенін айтты.

Күрделі жөндеу жұмыстары үшін жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп,жөндеу жұмыстары қайтарымды негізде жүргізілуде. Ерғали Білісбеков жауапты сала мамандарына келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына қалдырмай ерте аяқтауды тапсырды.

Шымкент тұрғын үй басқармасы