«Кирово» газ тарату станциясы іске қосылды

Түркістан облысы, Жетісай ауданында «Кирово» газ тарату станциясы іске қосылды. Біраз жыл бойы өзекті мәселеге айналған «сақалды құрылыс» өңір басшылығының тапсырмасымен биыл аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды станцияны іске қосу рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.

– Өңірімізде инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Шалғайдағы елді мекендер де назарымызда тұр. Бұдан былай тұрғындар көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылады. Ауылға газ келді. Енді газды үйлерге тарту жұмысын ширату керек. Бұл ретте тұрғындардан да белсенділік күтеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Тұрғындар, ел ақсақалдары іскерлік танытқан өңір басшылығына, осы жобаны жүзеге асырған азаматтарға алғыстарын білдірді.

Жетісай ауданы елді мекендерін толыққанды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Ынтымақ ауылдық округіндегі «Кирово» АГТС нысанының құрылысы 2021 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды. Жалпы құны – 1,7 млрд. теңге. Мердігер мекеме -«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС. Қуаттылығы – 50 000 м3/сағат. Осы станция арқылы Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм және Мақталы ауылдық округтеріне қарасты 50 елді мекендегі 46591 тұрғын, 8168 үй табиғи газбен қамтылды.

Жалпы, Жетісайда газдандыру жұмысы қарқынды. Бүгінде ауданды газдандыру жұмыстарына республикалық бюджеттен 9,8 млрд. теңге қаржы қаралып, 14 жобаның құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, Қызылқұм ауылдық округіндегі Қарасақал елді мекеніне магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіледі. Ал Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінде газдандыру жұмысы жүйелі жүріп жатыр. Соңғы бір жылда 21 елді мекендегі 53 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Оған қоса, Жетісай ауданында қуаты сағатына 50 мың текше метрді құрайтын 2 автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) құрылысы аяқталуда.

Биыл өңірде 103 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 68 нысанның құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, 122 мың тұрғын газбен қамтылады. Нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендердің саны 522-ге жетіп, қамту деңгейі 63 пайызды құрайды. Яғни, 1 659,3 мың тұрғын қамтылып, тұрғындарды қамту көрсеткіші 78,3 пайызға жетпек.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі